Бұл өзгерістер көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға (КҚИ АҚЖМС) және нарыққа қалай әсер ететіні туралы «Freedom Insurance» СК» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев айтып берді.
Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисі (КҚИ АҚЖМС) ұзақ уақыттан бері сақтандыру нарығы үшін шығынды, ал көлік иелері үшін қолайсыз өнім болып келеді. Сақтандыру компаниялары үшін бұл тиімсіз өнім, себебі жиналатын сақтандыру сыйлықақылары жеткіліксіз. Сондықтан сақтандырушылар полистерді рәсімдеуге, клиенттерге полис мерзімінің аяқталуы туралы ескертуге және төлем жасау кезіндегі сервисті жақсартуға мүдделі емес. Сол себепті, жүргізушінің өзі сақтандырылған болса да, жол-көлік оқиғасына кінәлі тарап сақтандырусыз болған жағдайда, зардап шеккен адам өтемақы ала алмайды. Ал төлем жасалған күннің өзінде, ол көбіне келтірілген залалды толық жаппайды, өйткені сақтандыру компаниялары көлік құралдарының тозу деңгейін ескеруге міндетті, бұл да төлем көлеміне әсер етеді. Осы факторлардың барлығы бүгінде жүргізушілер мен нарық қатысушыларының бәріне ортақ мәселеге айналды. Сонымен қатар, ҚР ІІМ мәліметінше, 2026 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша міндетті автосақтандырусыз көлік жүргізудің 5 мыңнан астам жағдайы тіркелген.
«Бұл мәселені шешу үшін жақын арада КҚИ АҚЖМС құнын есептеу тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, «бонус-малус» сыныптарындағы (яғни жүргізушінің апаттылық деңгейін есептеу жүйесі) тариф мөлшерлері қайта қаралады. Бұған дейін сыныптар арасындағы тариф өзгерісі 0,5 қадаммен есептелсе, енді бұл көрсеткішті 0,3-ке дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл полис құнының өсуіне, сәйкесінше оның шығындылығының азаюына алып келеді. Мысалы, елдегі ең кең таралған әрі танымал «бонус-малус» сыныбы – 13-сынып, онда жүргізушілердің шамамен 50%-ы тіркелген. Олар полис үшін ең төменгі төлем жасайды, алайда олардың кінәсінен болатын сақтандыру жағдайлары бойынша жиналатын сыйлықақылар төлем шығындарын жабуға жетпейді. Осыған байланысты нарық сақтандыру төлемдерін қамтамасыз ету үшін тарифтерді көтеруге мәжбүр. Нәтижесінде, 13-сыныптағы тарифтер басқа «бонус-малус» сыныптарымен салыстырғанда едәуір көбірек өседі», – деді сарапшы.
Ол сондай-ақ 13-сыныпқа ұзақ уақыт бойы сақтандырылып жүрген жүргізушілер жататынын атап өтті. Егер көлік иесі 13-сыныпта болып, кейін жол-көлік оқиғасына түссе, оның сыныбы төмендейді. Осыдан кейін ол көлігін қалпына келтіріп, қайта сақтандырылады, бірнеше жыл апатсыз жүріп, қайтадан 13-сыныпқа көтеріледі. Сонымен қатар, жүргізушінің бұрын-соңды жол-көлік оқиғасына түспеуі бұл жағдайдың әрдайым солай болатынына кепілдік бермейді. Яғни, 13-сыныптың өзінде шығындылық деңгейі айтарлықтай жоғары.
«Жалпы, тарифтер барлық сыныптарда өзгереді, тек 13-сынып мұны басқаларға қарағанда көбірек сезінеді. Жүйе ұзақ уақыт бойы осы сыныптағы жүргізушілер полистің нақты құнының едәуір бөлігін төлемейтіндей етіп құрылған болатын. Енді бұл теңгерімсіздік түзетіліп, полис құны осы сыныптың шығындылығын жабатындай деңгейде болады», – деп түсіндірді спикер.
Екінші өзгеріс – енді сақтандыру компаниялары әр жүргізуші бойынша тәуекелді жеке бағалау негізінде полис құнын көтере немесе төмендете алады. Ол үшін сақтандырушыларға «бонус-малус» сыныптарына ±10% аралығында, сондай-ақ өңірлік тарифтерге ±10% аралығында қосымша коэффициент қолдануға рұқсат беріледі. Қолданыстағы шарттарға сәйкес, сақтандырушылар түзету коэффициентін тек өңірлер бойынша жылына бір рет қана қолдана алатын. Осылайша, сақтандыру компанияларында полис құнын өзгерту үшін -18%-дан +20%-ға дейінгі аралық пайда болады. Мұнда жүргізуші туралы деректер мен оның тәуекел деңгейі көмектеседі – апаттылық көрсеткіші, жүргізушілік өтілі, жасы, көліктің шығарылған жылы және тағы басқа факторлар.
«Әрбір жүргізуші полис құнына өзінің жеке параметрлері мен көтеретін тәуекеліне қарай жеңілдік немесе үстеме алады, бұл әділ. Ұқыпты жүргізсең – аз төлейсің. Ал сақтандыру компаниясы өз кезегінде КҚИ АҚЖМС полисінің құнын арттыру немесе төмендету мүмкіндігін қалай қолданатынын өзі шешеді. Бұл – міндетті автосақтандыру саласындағы жағдайды түзетуге көмектесетін скоринг жүйесі. Сақтандырушылар бұл жаңашылдықтарды таңдап қолдана алады, мысалы, көлік иесі туралы екі-үш параметрді ғана ескеріп немесе өздерінің жеке скоринг жүйелерін құрып пайдалана алады», – деп түсіндірді Азамат Керімбаев.
Мұндай тәсіл негізгі мәселені шешеді – енді сақтандыру компаниялары рұқсат етілген диапазон аясында полис құнын көтеріп немесе төмендетіп, шығын деңгейін басқара алады. Өнім шығынды болудан қалғандықтан, нарықтағы жағдай өзгереді – енді сақтандырушылар жүргізушілерді белсенді түрде сақтандырып, оларға түрлі шарттар, акциялар мен бонустар ұсына бастайды.
«Сақтандыру компаниялары арасындағы бәсекелестік күшейеді, мұнда нарық заңдары жұмыс істеуі тиіс. Әрбір компания шығындылығы төмен клиенттерді тауып, тартуға тырысады», – деп бөлісті сақтандырушы.
Сақтандыру компанияларынан ең тиімді ұсыныс алу үшін жүргізушінің өзі де шығындылығы төмен клиент болуы керек – көлікті ұқыпты жүргізу, сақтандыруды уақытылы рәсімдеу, айыппұлдарды дер кезінде төлеу және тағы басқа талаптарды сақтау маңызды. Егер жүргізуші туралы деректер оның жиі жол апаттарына түсетінін, жол қозғалысы ережелерін бұзатынын көрсетсе, онда сақтандыру компанияларының көпшілігі оған полистің жоғары бағасын ұсынуы ықтимал. Ал жауапкершілігі жоғары көлік иесі, керісінше, сақтандырушылар үшін тартымды клиентке айналады.
Азамат Керімбаев өнімнің тартымдылығы сақтандыру нарығын бірден жандандырады деп есептейді – компаниялар түрлі ұсыныстар арқылы жүргізушілер үшін бәсекеге түсе бастайды. Клиенттік сервис, сату тәсілдері және өнімнің сапасы белсенді түрде дамиды.
«Жүргізушілер полистің бағасына ғана емес, сақтандыру компаниясының қызмет көрсету сапасына да назар аударуы керек. Мүмкін, көптеген жүргізушілер үшін қай жерде сақтандырылудың айырмашылығы жоқ шығар, өйткені міндетті автосақтандыруда төлемді зардап шеккен тарап алады. Алайда тікелей реттеу құқығын ұмытпау керек, бұл жағдайда зардап шеккен адам кінәлі тараптың сақтандыру компаниясына емес, өзінің сақтандыру компаниясына жүгінеді. Мұнда сақтандыру компаниясының қызмет көрсету тәсілі маңызды рөл атқарады, сондықтан КҚИ АҚЖМС полисі үшін сақтандырушыны дұрыс таңдау өте маңызды. Сонымен қатар, көлік иесінің азаматтық жауапкершілігі де үлкен мәнге ие, өйткені саналы жүргізуші жол апаты болған жағдайда оның сақтандыру компаниясы зардап шеккен тараптың шығынын толық өтегенін қалайды.
Енді әрбір сақтандыру компаниясы тәуекелді өз бағалауына сүйене отырып, әр жүргізуші үшін КҚИ АҚЖМС полисінің құнын жеке белгілей алатындықтан, көлік иелері компанияны тек сақтандыру бағасына қарап емес, сақтандырушылар ұсынатын тартымды ұсыныстарға қарай да таңдайтыны заңды. Бұл жағдайда жүргізуші туралы деректері көп, олармен тиімді жұмыс істей алатын және тек бағаны ғана емес, сапалы сервисті де ұсына алатын компаниялар ұтады. Осының бәрі сақтандыру төлемдерінің көлемі көлік иелерін қанағаттандыратын, ал полис құны сақтандырушыларды өнімді дамытуға ынталандыратын бәсекелі орта қалыптастыруы тиіс», – деп түйіндеді спикер.
Сонымен қатар, оның айтуынша, мұндай өзгерістер жүргізушілердің жауапкершілігін арттырады, өйткені полисті төмен бағамен алу үшін жол ережесін сақтауға мүдделі болады. Нәтижесінде бұл жолдардағы апат санының азаюына ықпал етеді.