Самұрық-Қазына 9 айда 2,5 трлн теңге таза пайда тапты

Самұрық-Қазына 9 айда 2,5 трлн теңге таза пайда тапты

«Самұрық-Қазына» қоры қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы қаржылық есебін жариялады. 

2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» қоры кірісін 13% арттырды — былтырғы 12 трлн теңгемен салыстырғанда, биыл бұл көрсеткіш 13,55 трлн теңгеге жетті. Жалпы пайда 3,12 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылғы деңгейге жақын. Ал жалпы маржа шамамен 23% деңгейінде.

Операциялық пайда 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі 2,25 трлн теңгеден 2,54 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл көрсеткіштің жақсаруына операциялық табыстың артуы көмектесті. Алайда, өзіндік құнның өсуі және бірлескен әрі қауымдасқан кәсіпорындардан түсетін пайда үлесінің азаюы бұл өсімді сәл тежеп тастады.

2025 жылдың тоғыз айындағы таза пайда 2,52 трлн теңгені құрады, бұл былтырғы көрсеткіштен (2,53 трлн теңге) сәл төмен. Тоқтатылған қызметтен түскен оң нәтижеге қарамастан, қаржылық шығындардың артуы және өзге де табыстардың азаюы қорытынды қаржылық нәтижеге қысым жасады.

Негізгі көрсеткіштер бойынша, жиынтық активтер 44,1 трлн теңге, жиынтық капитал 27,8 трлн теңге, жиынтық міндеттемелер 16,3 трлн теңге болды. 

2025 жылдың 9 айында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы жалпы сомасы 1,4 трлн теңге дивиденд алды. Соның ішінде ең қомақты төлемдер мына компаниялардан түскен: Теңізшевройл — 634,5 млрд теңге; Азия газ құбыры — 325,7 млрд теңге; Каспий құбыр консорциумы (КҚК) — 101,9 млрд теңге; Қазцинк — 78,5 млрд теңге.