Салықтық тексеру тағайындалып, салық органы құжаттарды талап етсе не істеу керек?

Тексеру нұсқама табыс етілген сәттен басталады; Салық органының нұсқамасы салық төлеушіге (салық агентіне) ол жазып берілген күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде ұсынылады; Табыс етудің өз нюанстары бар; Жоспарлы тексерулердің жойылуымен бірге, тексеру басталғанға дейін 30 күн бұрын салық төлеушіні хабардар ету міндеті де жойылды. Бұл не деген сөз? Яғни, салықшылар нұсқамамен кез келген уақытта келіп, тексеруді бірден бастап кетуі мүмкін.

Сонымен, осындай нұсқамамен келіп, құжаттарды талап етсе не істеу керек?

1. Ең алдымен нені тексеру керек?

Кез келген әрекетке бармас бұрын, салықтық тексерудің тағайындалуы қаншалықты заңды екеніне көз жеткізу керек. Нормативтік база: ҚР Салық кодексінің 152, 153, 154, 160, 161-баптары.

Міндетті түрде мыналарды тексеріңіз:

  • Нұсқаманың тіркелуін;
  • Нұсқаманың Салық кодексінің 154-бабы 1-тармағында белгіленген міндетті реквизиттерге сәйкестігін;
  • Тексерушілердің қызметтік куәліктерін (идентификациялық карталарын) көрсетуін (СК 160-бап 2-т. 6-тармақшасы, 161-бап 1-т. 2-тармақшасы).
  • Маңызды! Егер нұсқама болмаса немесе ол СК 154-бабының талаптарына сай келмесе, салық төлеуші тексерушілердің талаптарын орындамауға және құжаттарды бермеуге құқылы (!!!).

Сонымен қатар егер салық төлеуші тексеру кезінде нұсқамаға шағым түсірсе, бұл тексеруді тоқтатуға негіз болмайтынын ескеру қажет. Бірақ бұл тек заңды нұсқамаға қатысты.

Егер нұсқама заңды болса және оны сізге табыс етсе, бұл тексеру басталды деген сөз. Демек, лауазымды тұлға тиісті құжаттарды талап етуге құқылы.

2. Құжаттарды ұсыну туралы жалпы ережелер

Нормативтік база: СК 49-51, 160, 161, 164-баптары.

Мәлімет үшін:

  • Нұсқамамен бірге құжаттарды ұсыну туралы талап қоса берілуі мүмкін;
  • Тексеру кезінде құжаттарды ұсыну туралы талап екі реттен артық берілмейді (орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері бұған жатпайды);
  • Құжаттарды ұсыну мерзімі — талап табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні.

3. Салық төлеуші қандай құжаттарды беруге міндетті?

Нормативтік база: СК 160-бап 1-т. 3), 4), 6) тармақшалары; 161-бап 2-т.

Тексеру шеңберінде мыналарды беру керек:

  • Тексерілетін кезеңдегі бастапқы бухгалтерлік құжаттар;
  • Бухгалтерлік және салықтық есепке алу регистрлері;
  • Салықтық есептілік пен есептеулер;
  • Шарттар, шот-фактуралар, орындалған жұмыстар актілері, жүкқұжаттар (егер олар тексеру нысанасына қатысты болса);
  • Тексерілетін кезеңдегі табыстар мен шығындарды растайтын құжаттар;
  • Салық салу объектілеріне қатысты құжаттар;
  • Тексеру кезінде туындаған сұрақтар бойынша жазбаша түсініктемелер;
  • Бухгалтерлік және салықтық ақпараттық жүйелерге тексеру нысанасы шегінде қолжетімділік беру;
  • Стандартты тексеру файлы (егер оны тапсыру міндеті белгіленген болса).

Құжаттар қағаз жүзінде немесе СК 49-51 баптарында белгіленген тәртіппен электронды түрде беріледі.

4. Қандай құжаттарды беруге міндетті емес?

Нормативтік база: СК 49, 136, 137, 154, 160, 161-баптары.

Салық төлеуші мыналарды бермеуге құқылы:

  • Тексеру нысанасына қатысы жоқ құжаттар;
  • Нұсқамада көрсетілмеген кезеңдерге қатысты құжаттар;
  • Салықты есептеуге және төлеуге әсер етпейтін ішкі басқарушылық, талдамалық және корпоративтік құжаттар;
  • Тиісті жазбаша талапсыз сұралған құжаттар.

Есіңізде болсын! Салық кодексінде құжаттарды «әрмен-бермен» немесе «талдау жасау үшін» сұрату қарастырылмаған. Талап хатта сұралып жатқан құжаттардың нақты тізімі көрсетілуге тиіс.

5. Құжаттарды қалай дұрыс тапсыру керек?

Мынадай кеңестерге құлақ түріңіз:

  • Құжаттарды тізімдеме бойынша тапсырыңыз;
  • Қай талапқа жауап ретінде және қай нұсқама аясында беріліп жатқанын көрсетіңіз;
  • Құжаттарды тапсыру күні мен тәсілін тіркеп отырыңыз;
  • Берілген барлық материалдың көшірмесін өзіңізде сақтаңыз;
  • Егер талаптың заңдылығына күмәніңіз болса, жекелеген құжаттарды беруден бас тартудың құқықтық негіздемесін жазып, түсініктеме жіберіңіз.

6. Салық органы заңсыз талап қойса не істеу керек?

Нормативтік база: СК 36, 37, 160-баптары.

Егер талап заңсыз болса:

  • Заңның нақты нормасы көрсетілген жазбаша талапты сұраңыз;
  • Салық кодексіне сілтеме жасай отырып, құжаттарды беру міндетінің жоқтығын жазбаша мәлімдеңіз;
  • Бұзушылықты тіркеңіз (қызметтік жазба, акт және т.б.);
  • Жоғары тұрған салық органына шағым түсіріңіз;
  • Қажет болса — салық органының әрекетіне (немесе әрекетсіздігіне) сот тәртібімен шағымданыңыз.