Қазақстанда салық есебін ұсынбағаны үшін салынатын айыппұлдар жойылады. Есеп берілмесе, ол нөлдік көрсеткіштермен ұсынылған декларация деп есептелетін болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде  өткен брифинг барысында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты. 

«Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің нормаларында бекітілген. Шартты түрде айтқанда, салық төлеуші салық есебін ұсынуды ұмытып кетсе, айыппұл салынбайды – ол нөлдік есептілік ретінде қабылданады. Кейіннен салық төлеуші есепті кезеңдегі нақты кірісін өзі декларациялай алады», – деп атап өтті вице-министр.

Біржанов, сондай-ақ, міндеттемелер сомасы 1 млн теңгеден аспаған жағдайда мүлік салығы және жер салығы бойынша төлемдер есебінің жойылғанын хабарлады.

Бұдан басқа, көлік құралдарына салынатын салық бойынша есептер мен декларация ұсыну алып тасталды. Қазіргі уақытта жеке тұлғаларға қалай есептелетін болса, салықтар жол полициясының деректері негізінде есептелетін болады.

Жалпы, салық есептіліктерінің саны 30% – 41-ден 28-ге дейін қысқартылды. Бұл ретте, есептілікке салық жеңілдіктерін қолданған кезде толтыру міндетті болатын жолдар қосылған.

Бұл жаңалық салық қызметкерлерінің есептілікті ұсынбағандардың тізімін жасауға кететін уақыт шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Мысалы, 2024 жылы мұндай бұзушылық үшін 7,9 мың салық төлеуші жауапқа тартылған.