Қазақстандық салық төлеушілерге берешек сомасы 1500 АЕК-тен (шамамен 6,5 млн теңге) аспаса, төлемдерді кепілсіз кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге болады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын мәлімдеді. Тікелей эфир барысында ол жаңа Салық кодексі қабылданғанға дейін бөліп төлеуді немесе кейінге қалдыруды алу үшін кепіл немесе банктік кепілдіктер қажет болғанын нақтылады.
«Қазір салық төлеуші — бұл тармақты жеке тұлғалар да пайдалана алады — «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы электронды өтініш бере алады. Бұл сервис мемлекеттік қызмет ретінде салық органы қызметкерінің қатысуынсыз онлайн-режимде қолжетімді болады. Жүйе берешек сомасын кестеге сәйкес айларға өзі бөледі, бұл салық төлеушіге қызметін тоқтатпай, кезең-кезеңімен төлеуге мүмкіндік береді», — деді Арын.
МКК өкілі бұл тетікті пайдаланған кезде өсімпұл тоқтатылмайтынын және қарыз сомасына есептеле беретінін атап өтті.
Қандай жағдайда шот бұғытталады?
Сондай-ақ, салық органдары бизнеске де, жалпы қоғамға да шамалы сома үшін шоттарды бұғаттамау үшін санаттарға бөлу жүйесінен бас тартты. Арын енді өндіріп алу шаралары берешек 20 АЕК-тен (86,5 мың теңге) асқан жағдайда қолданыла бастайтынын атап өтті. Бұған дейін бұл көрсеткіш 6 АЕК (шамамен 26 мың теңге) болған еді.
«Салық берешегі 20 АЕК-тен асқан жағдайда, салық төлеушіге өсімпұл есептеліп, хабарлама жіберіледі. Мерзімі өткеннен кейін банктік шоттар, касса бойынша шығыс операциялары тоқтатылады, сондай-ақ инкассолық өкімдер қолданылады», — деді ол.
Қазіргі уақытта, берешек жаңа шектен төмен болса, салық органы шоттар мен кассаны бұғаттамай, тек хабарлама жіберумен және өсімпұл есептеумен шектеледі. Егер берешек 45 АЕК-тен (194,5 мың теңге) асып кетсе және салық төлеуші оны өтемесе, ол сот арқылы банкрот деп танылуы мүмкін.
«Берешек 45 АЕК-тен асқанда, осы шаралардың барлығы қолданылады. Кейіннен, бар болса, дебиторлардың шоттарынан дебиторлық берешекті өндіру, мүлікті тізімдеу актісін жасау, акцияларды сату, тіпті өтелмеген жағдайда сот шешімімен салық төлеушіні банкрот деп тануға дейін жұмыс жүргізіледі», — деп нақтылады ол.
Қандай жағдайда өсімпұл есептен шығарылады?
Микро және шағын бизнесті жаңа нормаларға бейімдеу үшін өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығарудың арнайы бағдарламасы іске қосылды. Арынның айтуынша, бұл шара жылдың бірінші тоқсанында негізгі қарызын өтеп үлгергендерге қатысты болады.
«Биылғы жылдың 1 қаңтарынан 31 наурызына дейін жіктеу коды бойынша берешек өтелген жағдайда, салық органы өсімпұл мен айыппұлды өздігінен есептен шығарады. Бұл қазірдің өзінде кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі бар адамдарға да қатысты. Егер олар негізгі соманы мерзімінен бұрын өтесе, олардың өсімпұлдары да есептен шығарылуға жатады», — деп түсіндірді Қайсар Арын.
Қосымша құн салығы бойынша заң бұзушыларға ерекше көңіл бөлінді. Жаңа ережелерге сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін өндіріп алынбаған есепке тұрмағаны үшін (айналым шегінен асып кету) айыппұлдар жойылады.
Кәсіпкерлердің көпшілігіне рақымшылық автоматты түрде жүргізіледі, алайда банкроттық немесе оңалту рәсімдеріндегі тұлғалар еркін нысанда өтініш беруі қажет.
«Келесі аптада біз Әділет министрлігінен бұл бұйрықты алуды жоспарлап отырмыз, содан кейін ол БАҚ-та ресми түрде жарияланады», — деп толықтырды МКК өкілі.