2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы шағын бизнеске берілген жаңа банктік несие көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,2% өсіп, 4,6 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Қаржыгерлер қауымдастығының Аналитикалық орталығының есебінде айтылған.
Сонымен бірге шағын бизнестің несиеге сұранысы айтарлықтай өспеген. Бірінші жартыжылдықта банктерге түскен өтінімдер саны небәрі 1,2% артып, 1,8 млн-ға жетті. Бір жыл бұрын өсім 11,7% болған.
Өтінімдер саны қатарынан екі тоқсан төмендеген: бірінші тоқсанда былтырғы бірінші тоқсанмен салыстырғанла 4,5%, екінші тоқсанда 0,8% қысқарған. Қауымдастық мұны шағын бизнестің несиеге сұранысының біртіндеп салқындауының белгісі ретінде бағалайды.
Сұранысты тежеп тұрған негізгі факторлардың қатарында қаржыландыру құнының жоғарылығы, салық заңнамасындағы өзгерістерге бейімделу және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының, соның ішінде «Өрлеу» бағдарламасының параметрлерінің өзгеруі аталған.
Банктердің мақұлдау үлесі өсті
Шағын бизнес өтінімдерінің мақұлдану үлесі жыл басындағы 32,8%-дан 33,6%-ға дейін өскен.
Салыстыру үшін, жалпы бизнес бойынша бұл көрсеткіш 41%-дан 44,1%-ға дейін артқан.
Қауымдастық дерегінше, шағын бизнес бойынша көрсеткіштің баяуырақ өсуі банктердің осы сегменттегі кредиттік тәуекелді бағалауға неғұрлым сақтықпен қарайтынын көрсетуі мүмкін.
Сонымен қатар шағын бизнес субъектілерінің қаржылық жағдайы жақсарған. Қиын қаржылық жағдайдағы кәсіпкерлердің үлесі 38,9%-дан 33,8%-ға дейін төмендеген. Алайда бұл көрсеткіш орта және ірі бизнеске қарағанда әлі де жоғары.
Несие портфелі 9,1 трлн теңгеге жетті
Жаңа несие беру көлемінің өсуі шағын бизнестің жалпы несие портфелінің де айтарлықтай ұлғаюына әсер етті.
Бірінші жартыжылдықта шағын бизнеске берілген несиенің жиынтық сомасы 12,7% өсіп, 9,1 трлн теңгеге жетті. Бір жылдағы өсім 32,7% болды.
Нәтижесінде шағын бизнестің корпоративтік несиедегі берешек үлесі жыл басындағы 43,7%-дан 46,8%-ға дейін өсті. Осылайша, шағын бизнес корпоративтік нарықтағы несие портфелі көлемі бойынша ең ірі сегмент болып отыр.
Ал жаңа корпоративтік кредиттердегі шағын бизнестің үлесі 41% деңгейінде сақталды.
Портфельдің өсуі өтінім санының көбеюінен емес, беріліп жатқан несие көлемі мен шарттарынан болып отыр.
Шағын бизнес ұзақ мерзімді несиеге көбірек сүйенеді
Шағын бизнеске берілген жаңа несиенің 51%-ы бір жылдан ұзақ мерзімге берілген. Бизнес бойынша жалпы көрсеткіш 36% ғана.
Бұл ретте ұзақ мерзімді несиенің жоғары үлесі инвестициялық жобалар мен негізгі құралдарды қаржыландыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды белсенді пайдаланумен де байланысты болуы мүмкін.
Ұзақ мерзімді несие көп болуы қаражаттың банктердің несие портфелінде ұзақ сақталуына ықпал етеді. Сондықтан шағын бизнес портфелі корпоративтік нарықтың жалпы портфеліне қарағанда жылдамырақ өсіп отыр.
Мәселен, бірінші жартыжылдықта шағын бизнес портфелі 12,7% ұлғайса, корпоративтік несие нарығы бойынша өсім 5,4% болды.
Бұл ретте орта бизнеске берілген жаңа кредиттер көлемі 56,2% өскен.
Бір өтінімнің орташа сомасы азайды
Шағын бизнестің несиеге деген сұранысының құрылымы да өзгерген.
Түскен бір өтінімнің орташа сомасы 32,9 млн теңгеден 23,8 млн теңгеге дейін төмендеген. Сонымен қатар несие портфелінде көлемі шағын қарыздардың үлесі артқан, ал 10 млрд теңгеден жоғары несие үлесі қысқарған.
Яғни несие берудің жалпы көлемі өсіп жатқанымен, кәсіпкерлердің орташа қаржыландыру сұранысы іріленіп отырған жоқ.
Несие құны маусымға қарай төмендеді
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын бизнес үшін несиенің орташа мөлшерлемесі 24,5% болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 24,3% еді.
Шағын бизнес үшін несие құны жалпы бизнес бойынша орташа мөлшерлемеден жоғары болды. Жалпы бизнес бойынша орташа мөлшерлеме 22% деңгейінде қалыптасты.
Дегенмен жыл басынан бері мөлшерлеме айтарлықтай төмендеді: қаңтардағы 26,5%-дан маусымда 22,8%-ға дейін түсті. Бұған базалық мөлшерлеменің төмендеуі әсер етті.
Бұл алдағы кезеңде жаңа кредиттерге деген сұранысты қолдауы мүмкін.
Мерзімі өткен берешек өсті
Несие портфелінің жылдам өсуімен бірге проблемалық берешек үлесі де артқан.
Шағын бизнестің мерзімі өткен несие үлесі 3,4%-дан 4,5%-ға дейін өскен.
Банктер жаңа қарыздарды мақұлдауда сақтық танытып отыр. Бұл несие көлемін арттыра отырып, жаңа қарыз алушылардың сапасына да назар аударылып отырғанын көрсетеді.
АФК қорытындысы бойынша, 2026 жылдың екінші жартыжылдығында шағын бизнеске несие берудің динамикасы қаржыландыру құнына, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының параметрлеріне және жаңа несиеге сұраныстың сапасына байланысты болады. Мөлшерлемелердің одан әрі төмендеуі мен мемлекеттік бағдарламалардың сақталуы сұранысты қолдауы мүмкін.