Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге жасаған мемлекеттік сапарын аяқтады. Сапар аясында ол «Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының мемлекетаралық қатынастарын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне көтеру жөніндегі декларацияға» қол қойды. Бұл материалда осы құжаттағы негізгі тармақтарға тоқталамыз.
Саясат және қауіпсіздік
«Тараптар халықаралық құқық нормаларын, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Жарғысында бекітілген барлық мақсаттар мен қағидаттарды сақтау негізінде неғұрлым өкілді әрі әділ көпполярлы әлемдік тәртіпті қалыптастыру мақсаттарына адал болып қала береді» , — делінген. РФ президенті әлемді АҚШ гегемониясы басып алды, әлем көпполярлы болуы керек деген риториканы жиі айтатыны белгілі.
«Мемлекеттер мен мемлекеттер бірлестігінің қауіпсіздікті сақтауы басқаларға қатер төндірмеуі керек» делінген. Мұны құжатқа қол қоюшы екі елдің бірі екіншісінің әрекетіне қарсы уәж айта алуына мүмкіндік беруі мүмкін, яғни бір ел екінші елдің егемен сыртқы саясатына ықпал ете алмақ.
«Тараптар ҰҚШҰ-ның дағдарыс жағдайларына ден қою тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының жауынгерлік қабілетін арттыруға ықпал ететін болады…», — делінген.
«(Тараптар) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды мемлекеттердің ішкі істеріне араласу мақсатында пайдалануға тырысуды жол беруге болмайтын іс деп есептейді».
Экономика
«Тараптар өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды пайдалану аясын кеңейтуге және төлем инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған қаржылық ынтымақтастықты әрі қарай нығайтатын болады».
«Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілетін арттыру және оны өңірдегі өзге көлік бағыттарымен үйлестіру жөніндегі күш-жігер ерекше мәнге ие болады», — делінген. Айта кетейік, бұл дәлізге Ресей Украинадағы соғыстан кейін ерекше мән бере бастады. Өйткені дәліз Ресейдің Үндістан мен оңтүстік Азияның басқа елдеріне шығатын басты жолдарының бірі.
«Газ саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, соның ішінде газды үшінші елдерге жеткізу мәселелеріне және аса маңызды трансшекаралық энергетикалық инфрақұрылымды сенімді қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады». Ресей санкциядан кейін Қазақстанға және Қазақстанмен шекралас өзге елдерге Қазақстан арқыры газ тасымалдауды ұлғайтып жатыр.
Соғыс басталғалы Қазақстан мұнай экспортының басым бөлігі өтетін Каспий Құбыр Консорциумын Ресей бірнеше рет жауып тастаған еді. Құжатта осы мәселеге де назар аударылған екен: «Тараптар өңірдегі энергетикалық тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықтың дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын Каспий құбыр консорциумының үздіксіз әрі тұрақты жұмыс істеуін қолдайды».
Гуманитарлық сала
«Тараптар ТМД кеңістігінде мемлекетаралық қарым-қатынас құралы ретінде орыс тілін сақтауға және ілгерілетуге жәрдемдесетін болады», — делінген.