Ресеймен арадағы ақша аударымы айтарлықтай азайып кетті

Тамыз айында Қазақстаннан шетелге халықаралық ақша аудару жүйелері (ХААЖ) арқылы жіберілген қаражат көлемі күрт төмендеді. Бір айда аударымдар көлемі екі есеге азайып, 27,9 млрд теңгені құрады. Шілдеде бұл көрсеткіш 56,4 млрд теңге болған.

Ұлттық банк деректеріне сәйкес, инфляцияны ескергенде тамыздағы көрсеткіш кемінде 2016 жылдың қаңтарынан бергі ең төмен деңгейге түсті.

Ресейге аударым 14 есе қысқарды

Аударымдардың төмендеуіне ең көп әсер еткен бағыттардың бірі – Ресей. Тамызда Қазақстаннан Ресейге 1,2 млрд теңге жіберілген. Бұл шілдедегі көрсеткіштен 14,3 есе аз.

Өзбекстанға аударылған қаражат көлемі де айтарлықтай төмендеді. Тамызда бұл елге 12,3 млрд теңге жіберілді, яғни бір айда 39% азайды.

Бұдан бөлек, Қырғызстан мен Түркия бағыттарында да төмендеу байқалды, тиісінше 0,7 млрд теңге (-75%) және 4,6 млрд теңге (-21%).

Қазақстанға аударымдар да азайды

Тамызда шетелден Қазақстанға ХААЖ арқылы келген ақша көлемі бір айда 24% төмендеп, 12,2 млрд теңгеге жетті.

Бұл көрсеткіш номиналды мәннің өзінде кемінде 2016 жылдың қаңтарынан бергі ең төмен деңгей болып отыр.

Мұнда да негізгі әсер Ресей тарапынан келген аударымдардың күрт қысқаруымен байланысты. Ресейден Қазақстанға жіберілген қаражат көлемі бір айда 11,9 есе азайып, 0,2 млрд теңгені құрады.

«Золотая Корона» факторы

ХААЖ арқылы аударымдардың күрт төмендеуі Еуропалық одақтың Ресейге қарсы санкцияларының 21-пакеті енгізілгеннен кейін байқалды.

2026 жылғы 24 шілдеде қабылданған санкциялар аясында «Золотая Корона» жүйесінің операторы – «Мобильная карта» коммерциялық емес ұйымы және есеп айырысу орталығы – «Платежный центр» санкциялық шектеулерге түсті.

Тамыздан бастап «Золотая Корона» Ұлттық банк статистикасында шетелге ақша аударуға пайдаланылатын ХААЖ жүйелерінің қатарында көрсетілмейді. Бұған дейін бұл жүйе халықаралық аударымдардың басым бөлігін қамтамасыз еткен.

Осы өзгеріс Қазақстаннан шетелге және шетелден Қазақстанға ақша аударымдарының тамыздағы күрт төмендеуіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі болды.