Reuters мәліметінше, Ресей Қазақстанмен АИ-92 бензинін импорттау немесе ресейлік мұнайды қазақстандық МӨЗ-де өңдеп, дайын жанармайды қайтадан Ресейге шығару мүмкіндігін талқылап жатыр. Себебі ел ішінде бензин тапшылығы күшейген.
Мұның басты себебі – украиналық дрон шабуылдарынан кейін бірқатар ресейлік мұнай өңдеу зауыттарының істен шығуы. Маусым айында Орталық Ресейдегі ірі МӨЗ-дердің тоқтауынан бензин өндірісі былтырғы маусыммен салыстырғанда 25% қысқарған.
Жағдайдың қаншалықты күрделі екенін тағы бір дерек көрсетеді. Reuters мәліметінше, Мәскеу мұнай өңдеу зауыты ауыр зақым алып, кемінде алты ай жұмыс істемейді. Бұл зауыт 2024 жылы 11,6 млн тонна мұнай өңдеп, 2,9 млн тонна бензин өндірген еді.
Тапшылық салдарынан Ресей сапасы төмендетілген бензин мен дизель өндіруге рұқсат берді, теңіз арқылы импортты қарастырып жатыр, тіпті дизель экспортына уақытша тыйым салу мәселесін талқылауда.
Осындай жағдайда Қазақстандағы артық бензин Ресей үшін маңызды ресурсқа айналып отыр. Бірақ бұл да оңай шешілетін мәселе емес. Жақын күндері Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуге тоқтайды, сондықтан Қазақстанның өз ішкі қорын сақтау мәселесі де өзекті.
Бір кездері көршілеріне жанармай жеткізіп отырған Ресейдің бүгін Қазақстаннан көмек сұрауға мәжбүр болуы – аймақтағы энергетикалық жағдайдың қалай өзгергенін айқын көрсетеді.