Петропавлдың «Қызыл-Жар» футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталды. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады. Сонымен қатар спорттық брендті, инфрақұрылымды және клуб активтерін беру туралы келісімдерге қол қойылды.
Инвестор жаңа заңды тұлға — «Qyzyljar» футбол клубы» жеке мекемесін тіркеді. Клубтың мәліметінше, бұл шешім «басқаруды тиімді дамыту және жаңғырту мақсатында» қабылданған.
Тараптар команда жарыстарға қатысып жүрген клуб атауын, сондай-ақ тауарлық белгі мен клубтың интеллектуалдық меншігіне құқықтарды беру жөнінде уағдаласты. Клуб атап өткендей, түстік палитра бұрынғысынша қызыл-қара түсте қалады.
«Қызыл-Жар» футбол клубы үшін жаңа спорттық база салынады. Ол команданың негізгі құрамына қолайлы тұрмыстық жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Петропавл қаласындағы «Қарасай» стадионы клубтың сенімгерлік басқаруына беріледі.
«Қазіргі уақытта уәкілетті органдармен келіссөздер мен рәсімдер жүргізіліп жатыр. Стадионды клуб басқаруына беру инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, жаттығу процесі мен өз алаңындағы ойындарға жағдайды жақсартуға, сондай-ақ өңірдегі футбол шараларының ұйымдастыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді клуб өкілдері.
Сонымен қатар спорттық құқықтық сабақтастық туралы келісімге де қол қойылды. Ол «Қызыл-Жар» футбол командасының ҚФФ, FIFA және UEFA аясындағы жарыстарға қатысуына байланысты құқықтар мен міндеттемелерді беруді реттейді.
«Бұрынғы құқық иеленуші клубтың ҚФФ, FIFA, UEFA және CAS органдарында қаралып жатқан істерге тартылуына байланысты теріс салдардың туындауына жол бермеуге міндеттеледі. Сондай-ақ құқықтар мен міндеттемелер берілгеннен кейін туындауы мүмкін істер бойынша да жауапкершілікті өз мойнына алады және мұндай даулар туындаған жағдайда оларды өз күшімен шешуі тиіс», — деп хабарлады клуб.
Клубтың мәліметінше, «Қызыл-Жар» футбол командасының жаңа бас менеджері болып Алишер Апсалямов тағайындалды. Ол бұған дейін Босния және Герцеговинадағы «Sarajevo», Ұлыбритания мен Уэльстегі «Cardiff City», сондай-ақ Қазақстандағы «Қайрат» (Алматы), «Каспий» (Ақтау), «Атырау» (Атырау) және «Тобыл» (Қостанай) футбол клубтарында қызмет атқарған.
Айта кетсек, бұған дейін «Қайсар» футбол клубы жеке басқаруға берілген еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек екенін айтқан еді.
Сонымен қатар Премьер-министр 2025 жылы қазақстандық футболды дамытуға бюджеттен 34,9 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Соның ішінде 31,8 млрд теңге – Премьер-лига және Бірінші лига клубтарын қолдауға, 3,1 млрд теңге – балалар және бұқаралық футболды дамытуға бағытталған.