«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов бизнес арасында жүргізілген сауалнама нәтижесімен бөлісті. Оның айтуынша, жабылғысы келетін немесе қызметкерлерді жұмыстан шығарғысы келетін компаниялар саны артып келеді. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Жаңа істерді бастауға және мемлекеттік қолдауға жүгінуге деген қызығушылық төмендеп жатыр. Сонымен қатар қызметкерлерін қысқартуды немесе жабылуды жоспарлап отырғандардың үлесі өсіп жатыр. Қазіргі уақытта ол 6 пайыздан асып кетті», – деді ол.

Орта бизнес үшін биылғы үшінші тоқсандағы негізгі сын-қатерлер ретінде мыналар аталды: Жоғары салықтық жүктеме – респонденттердің 28%-ы осы көрсеткішті айтқан; Кадр тапшылығы – респонденттердің 16%-ы; Инвестициялық жобаларды сүйемелдеудегі жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерінің тұрақсыздығы.

Ал шағын бизнес үшін жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділіктің шектеулігі және артық бюрократия сияқты мәселелер әлі де өзекті. Соған қарамастан, кәсіпкерлердің шамамен 35%-ы өз бизнесін кеңейтуге ұмтылуды жалғастырып жатыр.

Палата өз талдауында еліміздің барлық өңірін, 226 қала мен ауданды және 4 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілін қамтыған.