Қытайдың Chengtian Runkang Pharmaceutical компаниясы Батыс Қазақстан облысында киік етін өңдейтін зауыт салу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Ол облысқа инвестиция тарту мақсатында Чехия, Ресей, Иран, Қытай және Оңтүстік Кореяда бірқатар инвестормен келіссөздер жүргізілгенін мәлімдеді.

Келісімге қол жеткізілген жобалардың бірі – киік етін өңдейтін ет комбинаты болды. Оны қытайлық Chengtian Runkang Pharmaceutical компаниясы салып жатыр. Жобаға 4 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Оны іске асыру барысында жалпы 200 жұмыс орны ашылуға тиіс.

Cheng Tian Run Kang Medical Limited компаниясы биотехнологияларды дамытуға, денсаулық сақтау жүйесіне технологияларды енгізуге, сондай-ақ биологиялық ресурстарды өңдеуге маманданған. Компанияның бағытын ескерсек, зауыт өнімі медициналық мақсатта пайдаланылуы мүмкін.