Қырғызстан тарапы Қазақстанға көрші елге бензин жеткізуді сұрап ресми өтініш жолдады. Бұл туралы энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл өтініш қаралып жатыр.
«Ресей Федерациясынан бізге ешқандай ресми өтініш түскен жоқ. Ал Қырғызстан тарапынан ресми өтініш келді, қазір оны қарап жатырмыз», – деді ол.
Демалыс күндері БАҚ-та украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) Омбы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады. БАҚ мәліметінше, бұл – осы уақытқа дейін шабуылға ұшырамаған Ресейдегі санаулы мұнай өңдеу зауыттарының бірі болған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда зауыттағы бірнеше қондырғының өртеніп жатқаны көрінеді.
Бұған дейін Ресей Қазақстаннан ресейлік авиаотын жеткізу есесіне бензин беруді сұрағаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан тарапы мұндай ресми өтінішті Ресейден алғанын бірнеше рет жоққа шығарған еді.