Қазақстан экономикасында ақша тым көп және бұл инфляцияның өсуіне әкеліп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, айналымдағы ақша көлемі 18% өскен. Бұл экономиканың шамадан тыс қызып кетуіне себеп болған.

«Инфляцияның басты себептерінің бірі — экономикада шамадан тыс көп ақшаның болуы», — деді ол.

Бұл жағдайдың туындауына мемлекеттің бюджет шығындары мен тұтынушылық несиелеудің қарқынды өсуі әсер еткен.

«Екі негізгі фактор бар. Біріншісі — ауқымды фискалдық құйылымдар. Екіншісі — тұтынушылық несиелеу. Экономикада ақша көп. Ал отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің өндірісі бұл қарқынға ілесе алмай жатыр», — деді ол.

Сүлейменовтің айтуынша, соның салдарынан бағалар өсіп, ел шетелден көбірек тауар сатып ала бастаған. Импорттың артуы доллар сұранысын күшейтіп, теңге бағамына қысым түсіруде. Мәселені шешу үшін үкімет артық шығындарды қысқарту мақсатында салық және бюджеттік саясатты қайта қарастырып жатыр.

«Тұтынушылық несиелеуді белгілі бір деңгейде реттеу қажет. Бағаны көтеретін шамадан тыс сұраныс болмауға тиіс. Керісінше, біз ақша массасын шектеуді жоспарлап отырмыз», — деді Сүлейменов.