Экономика министрлігі елге өңдеу мақсатында әкелінетін және ҚҚС төлеуді кейінге қалдыруға болатын тауарлар тізімін бекітті.

Тізім Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінетін тауарларға тарамайды. Тізімге негізінен өнеркәсіптік тауарлар мен жабдықтар, сондай-ақ әртүрлі тауарлардың құрамдас бөліктері енгізілген.

Атап айтқанда, киім тігуге арналған түймелер, ілгектер, сыдырмалар, маталар және басқа да бөлшектер; электр техникасы мен электр қозғалтқыштары; жиһаз бөлшектері (аяқтар, шынтақшалар, қаңқалар); жарық диодты шамдар; тігін машиналары мен станоктар; лифтілер, сорғылар, металл құбырлар, сымдар, құрылыс материалдарының кейбір түрлері кірді. Тізімде барлығы 509 тауар бар.

Министрлік, сондай-ақ, ҚҚС-ты кейінге қалдыруға құқығы бар салық төлеушілер санаттарын бекітті. Тізімге 111 кәсіпорын енді, онда негізінен тігін цехтары, жиһаз, электр жабдықтарын өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ «Қазцинк», «Өскемен конденсатор зауыты», «Қазақстандық вагон жасау компаниясы» сияқты ірі өнеркәсіп кәсіпорындары бар.

Тізімге Қазақстанда өндірілмейтін немесе ішкі нарықтың қажеттілігін өтей алмайтын тауарлар енгізілді.

«Қабылданған бұйрық өңдеу өндірістері үшін шикізат пен құрама бөлшектердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі кәсіпорындарға қажетті тауарларды әкелу кезінде айналым қаражатын басқа мақсатқа жұмсамауға мүмкіндік береді, осылайша олардың қаржылық тұрақтылығын қолдайды», – деп хабарлады министрлік.

Кейінге қалдырудың тәртібі мен мерзімін уәкілетті орган белгілейді.