Freedom Broker II тоқсан бойынша жарияланған нәтижелерден кейін «ҚазТрансОйл» акцияларының бағасын қайта қарап шықты.
Брокердің жаңартылған бағалауында бір акцияның мақсатты құны 1 110 теңге деп белгіленді. Маусым айында бұл көрсеткіш 1 040 теңге болған еді. Сарапшылардың есебінше, қазіргі деңгейден 37% өсім әлеуеті бар, сондықтан олар акцияларды сатып алуды ұсынады
Сарапшылардың айтуынша, компания II тоқсанда рекордтық табыс тауып, таза пайдасын 39% арттырған. Маржиналдылық та жоғарылаған.
Freedom Broker сарапшылары есепті «біршама позитивті» деп бағалады. Кейінгі бір жылда «ҚазТрансОйл» акцияларының бағасы шамамен 1,1% төмендеген. Алайда кейінгі алты айда динамика қайта оң бағытқа бұрылып, +0,35% өсім тіркелді. Сарапшылардың ойынша, компанияның жаңа қаржылық нәтижелері алдағы айларда оң серпін әкелуі мүмкін.
Айта кетсек, бүгін ҚазТрансОйл акциясы 812.48 теңгеге бағаланып жатыр.