Қазақстанның ақпарат кеңістігінде инвесторлар сенімі, журналистиканың кәсіби стандарттары, құқық қорғау механизмдері бір арнаға тоғысқан сирек кездесетін жағдай – дау туындап отыр. «ҚазТАГ» халықаралық агенттігі мен «Фридом Финанс» брокерлік компаниясы арасындағы дау бастапқыда БАҚ-дағы бірнеше жарияланымдардан бастау алса, бүгінде репутация, жауапкершілік пен медиакеңістіктегі ақпараттардың сапасына күмән келтіріп отырған оқиғаға айналды.
Оқиғаның бастауы
2025 жылдың көктемінен бері «Фридом Финансқа» қатысты ақпараттар «ҚазТАГ» жаңалықтар легінен түспеді. Тоғыз айдың ішінде 80-нен астам материал жарияланып, оның 9-ы сәуірдің бір-ақ күнінде шыққан. Ол материалдарға негіз болған тақырып – Фридом Финанс» арбауына түскен салымшылар деп келтіріледі. Сол кезде қаржы компаниясы «алаяқатық операциялар» туралы мақалалар шындыққа жанаспайтыны туралы хабарлаған болатын. Өздерінің ресми мәлімдемесінде брокерлік бизнес өкілдері аталмыш жағдайды компанияның заңға қайшы «соттан тыс реттеуге» қатысудан бас тартуына қарсы бағытталған ақпараттық шабуыл деп таныды.
Расымен де, бір айдың ішінде, бір ғана сайтта, бір ғана компания туралы 80-нен астам мақала тізу – ақпарат агенттігі үшін өте сирек кездесетін қарқын. Айта кетерлігі, аталмыш жарияланымдар көбінде жағымсыз мазмұнмен және күмәнді интерпретациялардан тұрды. Фактілер ашық күйінде қалып, пікірталас тудырған тұстарда да мәтіннің берілу тәсілі оқырманға толыққанды жетпеді. Екіжақты көзқарас ескерілмегені байқалды.
Ресми құжаттар мен ақпараттардың сәйкес келмеуі
«ҚазТАГ»-тағы мақалалар легінің негізі «Фридом Финанстың» бұрынғы қызметкерінің тағдырымен тікелей байланыстырылды. Бірақ, оған қатысты кейбір ақпараттар ресми құжатттармен сәйкес келмеген. Атап айтсақ, осыған қатысты Naryk.kz редакциясының ресми сауалына «Фридом Финанс» аталмыш қызметкердің 2024 жылы жұмыстан шыққанын хабарлады. Сондай-ақ, ол адамның «ҚазТАГ» келтіргендей топ-менеджерлер қатарынан болмағанын айғақтайтын құжаттарын көрсетті. Айта кетейік, агенттіктің кейбір материалында сол азаматтың шағымдар түскен кезде де жұмысын тоқтатпағанын айтылған болатын.
Инвестициялар жөніндегі деректер және оларды түсіндіру тәсілдері
Бірқатар материалдарда жиі қайталанған пікірдің бірі — Фридом инвесторлары «табыстан құр қалды» деген ой еді. Бірақ ашық деректер бұған қайшы келеді. Компания ұсынған көптеген инвестициялық стратегия талдаулары салалық баспасөзде тұрақты түрде жарияланып отырғанына көзіміз жетті.
Фридомның ұстанымы қандай?
Қаржы ұйымы резонанс тудырған оқиға бастау алғаннан бері ресми мәлімдемелерін үнемі жариялап отырды, құжаттарын ашық көрсетті. Олардың қатарында бұрынғы қызметкерге қатысты ішкі тексерудің қорытындыларын қамтитын «қағаздар», ақпарат айдынындағы айыптаулардың шындыққа жанаспайтынын дәлелдейтін мәлімдемелер де болды. Алайда, келтірілген дәйектер қолжетімді болғанына қарамастан, «ҚазТАГ-тың» бірқатар жарияланымында Freedom «жауап бермеді» деген тұжырымдар айтылды. Ресми ақпараттың ашық болғанына қарамастан, екінші тараптың пікірі тыңдалмауы – ақпаратты бұрмаланғандай әсер туғызғаны анық.
Даудың заңнамалық мәселеге айналуы
Уақыт өте келе жағдай жай ғана редакциялық дау деңгейінен асып кетті. Жарияланған материалдар мен түскен өтініштердің негізінде Алматы полиция департаменті «жалған ақпарат тарату» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. «ҚазТАГ» агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов іске қатысы бар тұлғалар ретінде танылып, тергеуге шақырылды.
Осы орайда, ҚР Вице-премьері – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ҚазТАГ-қа қатысты сот процестеріне байланысты мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, БАҚ заңды бұзбай жұмыс істеуі керек және сол жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын қорғай алады.
«Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алатынын түсінуі тиіс. Ал егер тараптар арасындағы қатынастар құқықтық алаңға ауысса, мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін. Қалай болғанда да, біз кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін әрдайым талап етіп келеміз», – деп атап өтті министр.
Ақпараттық қысым жағдайындағы бірінші басшының пікірі
Дау-дамайға қатысты Freedom Holding Corp. халықаралық компаниясының басшысы Тимур Турловтың түсініктемеcі байыпты болды. Ол Freedom кез келген тексеруге ашық екенін, сыннан қашпайтынын атап өтті. Сонымен бірге ол компанияның қызметіне баға беруде эмоциялық пайымдарға немесе бұрмалануы мүмкін жорамалдарға емес, нақтылы фактілерге сүйенудің маңызын жеткізді.
«Кез келген адам ақша төлеп, жалған ақпарат таратып, оған ешкім ештеңе істей алмайды деген ұстаным болмауы керек», – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, ақпарат алаңындағы мұндай әрекеттер жалпы бизнес-климатқа үлкен зиян келтіреді. «БАҚ арқылы бір-бірімен қырқысып, есеп айырысу біздегі кейбір элита өкілдерінің үйреншікті стиліне айналып барады. Бірақ одан бәсекелесің ғана емес, бүкіл сала мен ел абыройы түседі. Нәтижесінде бизнеске, мемлекетке деген сенім азаяды», – деді ол.
Сонымен қатар, Турлов 2019 жылдан бері Freedom Holding-ке қарсы ақпараттық шабуылдардың тоқтамай келе жатқанын атап өтті.
«2019 жылдан бері бізге қарсы компроматтық сайттар ай сайын 100–150 материал жариялайды. Іздеу жүйесіндегі нәтижелерге де әсер етуге тырысып отыр. Осыншама уақыт бойы мұндай шабуылдарды кімнің жүргізіп отырғаны белгісіз. Осы аралықта елде басшылар да, президент те ауысты», – деді ол журналистермен кездесуде.
Бұл оқиға нені аңғартты?
«ҚазТАГ-тағы» үздіксіз жарияланымдар мен Фридомныңның берген жауабы бір ғана шындықты айқын көрсетеді: медианарықта тексерілмеген ақпараттың шамадан тыс көбеюуі – экономикалық факторлар іспетті нарықта тұрақсыздық тудыруы мүмкін. Яғни, компания туралы біржақты материал шығарғанның зардабы тек сол ұйымның ғана емес, түгел саланы беделіне нұқсан келтірді. Осындай жағдайлар БАҚ қойылатын талаптарды қайта қарау қажеттігіне көз жеткізді. Алайда, бұл сөз бостандығын шектеу керек деген сөз емес, керісінше, нарықтың тұрақтылығын сақтап, инвесторлардың мүддесін қорғаудың маңызды құралы болуы тиіс.