Отбасы банкінің жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларының көктемгі кезеңде іске қосылуы дәстүрлі түрде жылжымайтын мүлік нарығын жандандырады. Алайда, құрылыс өзіндік құнының өсуі жағдайында қолданыстағы баға шектеулері құрылыс салушыларды үнемдеуге, ең алдымен сападан қағуға мәжбүр етіп жатыр. Бұл туралы Qazaq Expert Club құрылыс саласындағы сарапшысы Диляра Сейітнұрова жазды.

Сарапшының айтуынша, девелоперлер шаршы метріне 350-400 мың теңге көлеміндегі бағаға сыйып үлгеруі керек, ал іс жүзіндегі шығындар қазірдің өзінде бұл межеден асып кеткен.

«Пайданы 10-15% деңгейінде сақтап қалу үшін девелоперлер ең бірінші кезекте сапа шығындарын қысқартады. Әрбір бағдарлама іске қосылған сайын эконом және жайлылық санатындағы (III-IV санат) сегменттерге сұраныс күрт артады. Сонымен қатар шығындар да өседі: құрылыс-монтаждау жұмыстары мен материалдардың баға индексі жыл сайын тұрақты түрде өсіп отыр. Ал мемлекеттік бағдарламалардағы тұрғын үй құнының шектеулері кеш индекстеледі», – дейді ол.

Шын мәнінде, құрылыс салушы белгіленген баға мен өсіп жатқан өзіндік құнның арасында қалып отыр. Жобаны қолжетімді баспана тізімінде сақтау үшін компаниялар «құн инжинирингі» деп аталатын әдісті қолданады, бұл іс жүзінде шешімдерді арзандату дегенді білдіреді.

Сарапшының сөзінше, үнемдеу ғимараттардың маңызды элементтеріне әсер етеді. Төзімдірек желдетілетін қасбеттердің орнына көбіне пенополистирол арқылы жасалатын «дымқыл қасбетті» қолданады. Керамограниттің ең жұқа түрі алынады, ал инженерлік желілер арзан баламалармен жабдықталады, бұл 3-5 жыл пайдаланғаннан кейін апаттардың туу қаупін арттыруы мүмкін.

Соған қарамастан, жеңілдетілген бағдарламалар нарықтың басты драйвері болып қала береді. Бірақ олардың қазіргі құрылымы сапаны арттыруға емес, белгіленген лимит аясында «шаршы метрлерді» көптеп салуға итермелейді деп есептейді Сейітнұрова.

«Ықтимал шешімдердің қатарында – баға шегін құрылыс материалдарының ресми индексіне байлай отырып, динамикалық түрде индекстеуге көшу. Сондай-ақ, тек сұранысты ғана емес, міндетті техникалық аудит жүргізе отырып, жобалық қаржыландыруды да субсидиялау маңызды. Егер тәсілдер өзгермесе, 10-15 жылдан кейін нарық меншік иелері мен бюджет есебінен күрделі жөндеуді талап ететін, моральдық және физикалық тұрғыдан жаппай тозған тұрғын үй қорына тап болуы мүмкін», – деп түйіндеді сарапшы.