Әлемдегі ең ірі уран өндіруші – «Қазатомөнеркәсіп» өзінің нарықтағы құнын көтеріп, инвесторлар үшін тартымдылығын арттыру мақсатында жаңа SPO (қосымша акцияларды орналастыру) өткізу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Стратегия: көлемнен бұрын – құндылық

Компания басшысы Мейіржан Юсуповтың айтуынша, Қазатомөнеркәсіп «құндылық көлемнен маңызды» стратегиясын ұстанып отыр. Яғни өндіріс мемлекеттік жоспардан төмен деңгейде ұсталып, қысқа мерзімді өсімнен гөрі ұзақмерзімді тұрақтылыққа басымдық берілуде.

Сарапшылар атап өткендей, дәл осы тәсіл уран нарығында бағаға қысым түсірмей, компанияны инвесторлар үшін сенімді ойыншы ретінде көрсетеді. Акцияларының өтімділігі кейбір бәсекелестеріне қарағанда төмен болғанына қарамастан, Қазатомөнеркәсіп тұрақты дивиденд төлеп келеді. Бұл фактор оны акционерлер үшін «табыстың сенімді көзі» ретінде сақтап отыр.

Акционерлік құрылым: кімге тиесілі?

Бүгінде компания акцияларының 25%-ы еркін айналымда. 63%-ын «Самұрық-Қазына» қоры бақылауда ұстайды. 12%-ы – Ұлттық қордың портфелі арқылы Қаржы министрлігінің үлесі. Бұл 12% үлес бюджет тапшылығын қаржыландыру кезінде пайда болған. Ол кезде «Самұрық-Қазына» акцияларды сатқаннан түскен қаражатты арнайы дивиденд ретінде Қаржы министрлігіне бағыттаған болатын.

Нарықтық құн

Қазатомөнеркәсіптің қазіргі капитализациясы 13,8 млрд доллар деңгейінде бағаланып отыр. Сарапшылардың пікірінше, қосымша листинг осы көрсеткішті арттырып, компанияның халықаралық аренадағы беделін күшейтуге бағытталуы мүмкін.