Бұл туралы «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин Алматыда өткен Kazakhstan Growth Forum’26 форумында мәлімдеді.
«Қазақтелеком» суперкомпьютерінің қуатын алғаш пайдаланған компания Kaspi.kz болған. Финтех-холдинг екі жылға есептелген ресурстың 70%-ын бірден сатып алған.
Мусиннің айтуынша, Kaspi.kz сатып алған есептеу ресурстары іс жүзінде толық көлемде пайдаланылып жатыр.
Суперкомпьютердің есептеу ресурстарына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының портфельдік компаниялары да қол жеткізіп отыр.
Бұл ретте компаниялар жасанды интеллект шешімдерін енгізу және AI-инновацияларды дамыту үшін GPU-қуаттарын пайдаланады.
Қазақстандағы алғашқы суперкомпьютер AI-Farabium 2025 жылғы қазанда Алматыда іске қосылды. Оның есептеу өнімділігі 1,5 мың петафлопсқа жетеді.
Суперкомпьютер NVIDIA H200 графикалық процессорлары негізінде құрылған. Оның негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстандағы жасанды интеллект жобалары үшін жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымын қалыптастыру.
Қазіргі уақытта AI-Farabium әлемдегі ең өнімді суперкомпьютерлер рейтингінде 103-орында тұр. «Қазақтелеком» дерегінше, оның есептеу қуаты 100% жүктелген.
Бағдат Мусиннің айтуынша, Қазақстанда салынып жатқан дата-орталықтар тек ішкі нарықтағы компанияларға емес, халықаралық технологиялық компанияларға да қызмет көрсетуге бағытталған.
«Біз Қазақстанды әлемдік деңгейдегі дата-орталықтар орналасатын технохабқа айналдырғымыз келеді. Мұнда ақпарат өңделіп, әлемдік AI-экономиканы қамтамасыз ететін токендер пайда болады», – деді ол.