Қазақтар Жапонияда алтын өндіреді

Қазақстандық алтын өндіруші Solidcore Resources компаниясы Канаданың Japan Gold Corp. компаниясымен стратегиялық альянс аясында Жапониядағы бес учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге $25 млн инвестициялайды. Бұл туралы компания 23 қыркүйекте хабарлады.

Үш жылға есептелген барлау бағдарламасы Хоккайдо және Кюсю аралдарындағы Hakuryu, Bajo, Mizobe, Ryuo және Aibetsu учаскелерін қамтиды.

Бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін Solidcore барлау нәтижесіне қарай бір немесе бірнеше учаскеден 49%-ға дейін үлес ала алады.

Екінші кезеңде компания алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) қаржыландырса, өз үлесін 70%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік алады. Ал банкке арналған ТЭН-ді қаржыландырған жағдайда үлес 80%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл шешімдер әр учаске бойынша жеке қабылданады.

Japan Gold компаниясының 18,8%-ын сатып алды

Сонымен қатар Solidcore Japan Gold-қа қосымша $6,85 млн инвестициялады. Компания 78,8 млн бағалы қағаз сатып алып, нәтижесінде Japan Gold-тың қарапайым акцияларының 18,81%-на ие болды.

Сатып алынған варранттар орындалған жағдайда Solidcore үлесі 19,9%-ға дейін өсуі мүмкін.

Solidcore Japan Gold-тың директорлар кеңесіне компаниядағы үлесі кемінде 18% болған жағдайда екі мүшені тағайындау құқығына ие болды. Қазірдің өзінде кеңес құрамына Solidcore кеңесшісі Виктор Флорес және комплаенс пен корпоративтік басқару жөніндегі атқарушы вице-президент Татьяна Чедаева кірді.

Mizobe учаскесінің геологиясы ірі алтын кен орнына ұқсас

Альянсқа кіретін бес учаске де Жапониядағы тарихи алтын өндіру аудандарында орналасқан.

Соның ішінде Mizobe учаскесінің геологиялық құрылымы Japan Gold ресурстарын 13 млн унция алтын деп бағалап отырған Hishikari кен орнына ұқсас.

Japan Gold — Жапонияда жұмыс істейтін канадалық геологиялық барлау компаниясы. Оның геологиялық барлау жүргізуге арналған құқықтарының жалпы аумағы 3 мың шаршы шақырымнан асады.

Solidcore Resources Қазақстанда тіркелген компания және Астана халықаралық қаржы орталығының (AIX) алаңында саудаланады. Компания Қазақстандағы екі жұмыс істеп тұрған алтын өндіру кәсіпорнын және Ertis POX жобасын басқарады.

Solidcore акционерлеріне $1,2 млрд қайтармақ

Бұған дейін Solidcore акционерлеріне $1,2 млрд-қа дейін қаражат қайтару жоспарын жариялаған. Компания бір акциясын $11,66 бағамен 102,9 млн акцияға дейін сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл компанияның акционерлік капиталының шамамен 23,2%-на тең.

Акцияларды сату туралы өтінімдер 12 қазанға дейін қабылданады. Бағдарлама 30 қыркүйекте өтетін акционерлердің жалпы жиналысында мақұлдануы тиіс.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша Solidcore-дың ақша қаражаты $1,4 млрд, ал таза ақша позициясы $747 млн болды.

Сонымен қатар тамыз айында Solidcore-дың еншілес компаниясы Tin One Mining Солтүстік Қазақстан облысындағы Сырымбет қалайы кен орнында тау-кен байыту комбинатын салу жобасы бойынша меморандумға қол қойды. Жобаның алдын ала инвестиция көлемі кемінде 150 млрд теңге деп бағаланып отыр.

Кәсіпорында шамамен 800 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаны іске асыру Solidcore директорлар кеңесінің мақұлдауына байланысты.