Ұлттық банк дерегінше, 2025 жылғы тамыз қорытындысы бойынша Қазақстанның таза халықаралық резерві 52,4 млрд долларды құрады. Бұл — 1993 жылдан бергі ең жоғары деңгей. Айлық өсім — 4,9% немесе 2,4 млрд доллар, ал жыл басынан бері резерв 20,4% (8,9 млрд доллар) артты. Жалпы көлем (сыртқы міндеттемелерді есептемегенде) 54,5 млрд доллар болды.

Халықаралық резерв екі бөліктен тұрады: еркін айырбасталатын валютадағы активтер тамызда 2,9% өсіп, 19,9 млрд долларға жетті. Дегенмен жыл басынан бері 9,5% азайған; монетарлық алтын — 34,7 млрд доллар. Бір айда 5,6%, ал 2025 басынан бері 45,4% өсті.

Кейінгі төрт ай бойы алтынның үлесі жалпы резервтің 60%-ынан асуда. Соңғы рет мұндай көрсеткіш 2022 жылғы қарашада тіркелген. Ол кезде үлес тіпті 70%-ға жеткен еді.

Орташа алғанда, 1993 жылдан бері алтынның үлесі 30% шамасында болды. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш екі еседен астам өсуі мемлекеттің басымдықты бағалы металға беріп отырғанын көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай стратегия валюта нарығындағы құбылмалылыққа қарсы қорғаныс болып саналады, бірақ бір мезгілде алтын бағасына тәуелділікті де арттырады.