Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді.

Президент сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, осыдан бес жыл бұрын, ел ішінде ауқымды өзгерістер қолға алынып жатқан тарихи кезеңде құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі өзіне жүктелген жауапкершілік пен міндетті абыроймен орындап келе жатқанына назар аударды.

«Жалпы, осындай қысқа мерзім ішінде көп жұмыс істелді, біраз тәжірибе жинақталды. Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Мұны табанды еңбек пен адал қызметтің нәтижесі деуге болады. Агенттік қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Бірақ босаңсуға болмайды. Себебі алдымызда биік мақсаттар мен ауқымды жұмыс бар. Әсіресе, қазір өте қарқынды дамып жатқан цифрлық технология мен жасанды интеллект дәуірінде жұмысқа түбегейлі жаңа көзқараспен қарау міндеті тұр. Бұл мәселе туралы «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда және Ұлттық құрылтай отырысында анық айттым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары азаймай тұрғанын айтты.

«Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек. Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізуде. Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл да – өте өзекті, аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі: бұл – мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау. Осы маңызды міндеттің сапалы іске асуы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты», – деді Мемлекет басшысы.

Ол барлық құқық қорғау органы бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыспен парапар екенін түсінуге тиіс екенін айтып, Агенттіктің кәсіпкерлермен жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырды.

«Бизнестің дамуын тежейтін кедергілерді жою керек. Бұл бағытта біраз жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бірақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан, жекелеген бизнес өкілдерінен әлі де арыз-шағым түсіп жатыр. Барлық құқық қорғау органы бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыспен парапар екенін түсінуге тиіс. Бұл, ең алдымен, Қаржылық мониторинг агенттігіне қатысты. Маған аймақтарда қара басының қамы үшін заңды бизнесті тоқтату тәжірибесі әлі де бар деген шағымдар келіп түсіп жатыр. Ескертемін: егер әлгіндей мәліметтер расталса, заңға сәйкес жауапқа тартып, келтірілген шығынды өндіріп алу үшін қатаң шаралар қабылданады. Былтыр Агенттік тергеу жүргізген қылмыстық істердің 40 пайызы, яғни мыңнан астамы негізсіз деп тоқтатылған. Мысалы, 2025 жылы Агенттік 2710 іс қозғаған, оның 1061-інде күдіктілер ақталып, іс тоқтатылған. Бұл жай ғана көрсеткіш емес. Осындай істердің салдарынан кәсіпкерлер шығынға ұшырайды, олардың іскерлік беделіне нұқсан келеді, еңбек ұжымдарының берекесі қашады. Мұның бәрі бизнестің дамуын тежейді, елдегі инвестициялық ахуалға зардабын тигізеді. Сондықтан кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнату тәсілдерін қайта қараған жөн. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтай білу қажет. Кәсіпкер қаржы заңнамасын бұзған жағдайда оның шаруашылық қызметін бірден тоқтатып тастауға болмайды. Шектеу шараларын құқық бұзушылықтың деңгейіне сәйкес ерекше жағдайларда ғана қолдану керек. Кәсіпкерлер де заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Мемлекеттің оң көзқарасы мен қорғауын пайдаланып, салықтан жалтаруға, алаяқтық схемалар жасауға болмайды. Алаяқтыққа мүлдем жол бермейміз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіретінін атап өтті.

«Жаңа салық саясаты күшіне енгелі бері нақты айналымды жасыру үшін қолма-қол төлем көлемінің артқаны туралы мәліметтер келіп түсті. Бөлшек саудамен айналысатын саудагерлер тауардың ақысын қолма-қол ақшамен немесе аударым арқылы төлегеніне қарай салық сомасын шегеріп, екі түрлі баға айта бастады. Бұған, әрине, көз жұма қарауға болмайды. Өйткені мұндай әрекеттер мемлекеттің салықты әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру бағытындағы еңбегін зая кетіреді. Кірісті жылыстату және капиталды астыртын криптоперациялар арқылы заңсыз шығару проблемаға айналды. Бүгінге дейін 62 миллиард теңгеден астам қаржы айналымы бар 130 заңсыз криптоалмасу қызметі жойылды. Осы істердің аясында 2,6 миллиард теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде ақшаны криптоға айырбастау жарнамасы тыйылмай тұр. Демек, мәселе түбегейлі шешімін таппаған. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, еліміз сыртқа шығарылған капиталдың көлемі жағынан «көш бастап тұрған мемлекеттердің» бірі. Ал осындай қылмыс үшін сотталғандар жоққа тән. Капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді. Агенттік аталған мәселелер бойынша нақты ұсыныс енгізсін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет екенін жеткізді.

«Агенттік қаржы пирамидаларымен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Тек былтырдың өзінде 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылды. Алайда қабылданып жатқан шаралар да, түсіндіру жұмыстары да жағдайды түбегейлі өзгерте алмай тұр. Әйтсе де оң үрдіс бар. Неге? Өйткені алаяқтар пирамиданы түрлі қаржы құралдары сияқты ұсынады. Ал азаматтар олардың арбауына түсіп, бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр. Сондықтан қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн. Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет. Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек. Егер Қаржылық мониторинг агенттігі, Үкімет осындай түзетулерді ұсынса, мен қолдаймын. Мәселені қарастырыңыздар. Осы тектес батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңала қоюы екіталай. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала береді», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейтуді тапсырды

«Есірткі бизнесімен күресті күшейту қажет. Өкінішке қарай, қазір есірткі саудасынан түскен табысты тексеру жұмысының тиімділігі төмен. Қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайтарылуға тиіс. Қысқасы, қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу мәселесін мұқият пысықтаған жөн. Заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейту керек. Бұл қадам халықаралық стандарттарға толық сай келеді», – деді Мемлекет басшысы.

Ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Ұлттық банкпен  бірге коммерциялық банктердің заңсыз, күмәнді операцияларына бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.

«Жақында төраға Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы «жөнелтілгені» туралы баяндады. Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр. Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.