1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстанда 14,5 мың шетелдік азамат жұмыс істейді. Олардың 5,4 мыңы Қытайдан келген. ҚХР азаматтары тартылған жұмыс күшінің жалпы санының үштен бірінен астамын (37%) құрайды, деп хабарлады Еңбек министрлігі.

Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын шамамен 2 мыңға жуық компания бар. Сол компанияларда 335,4 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Бұл жалпы персонал санының 96%-ын құрайды.

Маман тарту бойынша көш бастап тұрған төрт ел бар. Бірінші орында — Қытай (5,4 мың адам). Одан кейін Өзбекстан (2,5 мың адам), Түркия (1,0 мың адам) және Үндістан (1,0 мың адам) орналасқан.

Шетелдіктер қай салаларда жұмыс істейді

Қазақстандағы шетелдік жұмысшылардың басым бөлігі құрылыс саласында еңбек етеді — шамамен 5 мың адам. Ауыл шаруашылығында — шамамен 3 мың адам. Тау-кен өндіру және карьерлерді қазу саласында 1,2 мың адам, ал өңдеу өнеркәсібінде — 1,1 мың адам жұмыс істейді.

Тартылған шетелдік азаматтардың көпшілігі білікті жұмысшылар мен мамандар санатына жатады — шамамен 5 мың адам. Маусымдық жұмыстарда 2,8 мың адам еңбек етеді. Тағы 4 мың адам корпоративтік ауыстыру шеңберінде жұмыс істейді. Басшылар мен олардың орынбасарлары – 2,8 мың адам.

Еске сала кетейік, Еңбек министрлігі жыл сайын шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота белгілейді. 2025 жылы бұл көрсеткіш республиканың жалпы жұмыс күші санының 0,25%-ын (19,4 мың адам) құрады. Тамыз айында маусымдық жұмысшыларға арналған мамандықтар тізімінің кеңеюіне байланысты квота ұлғайтылған болатын.

Айта кетсек, қазақстандықтардың шетелде еңбек ету белсенділігі біртіндеп төмендеп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылғы шілденің басында шет мемлекеттерде 126,5 мыңнан астам азаматымыз жұмыс істеген. Оның ішінде 100 мыңнан астам азамат Ресейде жұмыс істеп жүр