Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Францияға жасаған жұмыс сапары аясында Саверн қаласындағы KUHN компаниясының кәсіпорнына барды.
KUHN – ауыл шаруашылығына қажетті тіркемелі және аспалы техникалар шығаратын әлемдегі ең ірі өндірушілердің бірі. Делегация мүшелеріне өндірістің толық циклі, негізгі технологиялық үдерістер және зауытта қолданылатын сапаны бақылау стандарттары таныстырылды.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы ынтымақтастықты дамыту болды. Атап айтқанда, KUHN техникаларын Қазақстанда өндіруді локализациялау перспективалары, технологиялық өзара іс-қимыл және өндірістік құзыреттерді арттыру мәселелері қаралды.
KUHN компаниясының өндірістік құрылымына үш құрлықта орналасқан 11 зауыт кіреді, компания өнімдері әлемнің 110-нан астам еліне тарайды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің 2026 жылғы сәуірде ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін әлемдік жетекші өндірушілермен өткізген кездесуінде AGROMASH зауыты, Eurasia Group AG ЖШС және KUHN Group арасында өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге және өндірісті локализациялау ісін пысықтауға бағытталған келісім жасалған еді.