Қазақстандықтардың тек төрттен бірінің ғана жеке жинағы бар. Олардың көпшілігі ақшасын депозиттерде жинайды, бірақ қолма-қол ақшаға деген сенім де артқан. Бұл туралы Ұлттық банктің тапсырысы бойынша FusionLab жүргізген қазан айының қорытындысына арналған сауалнама нәтижелерінде айтылған.

Зерттеуге Қазақстанның барлық өңірінен 1 500 респондент қатысты. Азаматтардың 25,1%-ы өздерінің жеке жинақтары бар екенін айтқан (өткен аймен салыстырғанда +3,2 пайыздық пункт). Қатысушылардың 63,6%-ында ешқандай жинақ жоқ.

Жинағы барлар арасындағылардың 69,8%-ы банктерге көбірек сенеді және қаражатын депозитте сақтайды (бұрын – 67,7%). Бұл ақпан айынан бері депозиттерге деген ең жоғары сенім деңгейі. Жылдық салыстыру бойынша өсім одан да айқын – +17,8 пайыздық пункт (2024 жылғы қазанда 52%).

Азаматтардың тағы 34,1%-ы жинағын қолма-қол ақшамен сақтауды жөн көреді (+0,4 п.п. айлық өсім). Салыстыру үшін: бір жыл бұрын жинақты қолма-қол түрінде сақтауды 48,4% азамат таңдаған еді.

Қазан айында қазақстандықтар жылжымайтын мүлікке инвестицияны азайтқан – тек 20%, ал бағалы қағаздарға ақша салу 8,4% деңгейінде.

Сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі (84,8%) жинағын теңгеде сақтайды, үштен бірі (31,2%) – долларда, 5,5% – еурода, ал 8,6% – рубльде.

Респонденттердің 43,9%-ында кейінгі бір жылда жинақ көлемі артқан, 38,4%-ында өзгеріссіз қалған, ал 12,4%-ында азайған.

Айта кетейік, Ұлттық банктің сауалнамасы бойынша қазақстандықтар келесі 12 айда баға өсімі 13,6% болады деп күтеді. Қыркүйектегі сауалнамада бұл көрсеткіш 13,2% болған. Ал 5 жылға арналған ұзақмерзімді инфляциялық күтулер 14%-дан 14,3%-ға дейін көтерілген.