UBS қаржы ұйымының зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда долларлық миллионерлер саны 50 мыңға жуық, алайда олардың портфеліндегі қаржылық активтердің үлесі әлі де мардымсыз, дейді Abylai Global Solutions Ltd компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Алексей Панюшкин. Бұл туралы ол Astana Finance Days конференциясында айтты.

«Алайда аталған дәулетті қазақстандықтардың қаржы нарығына инвестиция жасауы әлі аз. Көпшілігі жылжымай ын мүлік, депозитке ақша салады», — дейді.

Оның айтуынша, ETF-тер инвестициялық мәдениеттің қозғаушы күшіне айналып, капиталдың жылжымайтын мүлік пен депозиттен нарыққа ауысуына ықпал ете алады. 

Бухарест қор биржасының директорлар кеңесінің төрағасы Раду Ханганың пікірінше, биржаның табысты жұмысының басты көрсеткіші — листинг саны емес, инвесторлар санының өсуі. Соңғы бес жылда инвесторлар саны бес есе артқан, ал жыл сайынғы өсім шамамен 30%-ды құрайды.

«Алдымен тәжірибелі мамандар, институционалдық инвесторлар келеді, содан кейін жеке инвесторлар қосылады», — дейді ITS компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі әрі басқарушы директоры Александр Диаковский.

Жалпы, Қазақстан соңғы отыз жылға жуық уақыт бойы әлемдік инвесторлардың алдында сенімді позициясын сақтап келеді. Халықаралық агенттіктердің айтуынша, ел тұрақты түрде инвестициялық санатта қалып отыр — бұл деңгей Италияның деңгейімен сәйкес және бірқатар ірі экономикалардан жоғары. Fitch Ratings компаниясының бизнес және серіктестік басқару жөніндегі директоры Михаил Соловьев бұл тек құрғақ статистика емес, Қазақстанға әлем нарығындғы сенімнің нақты көрсеткіші екенін айтады.

Осы орайда елде исламдық қаржыға да қызығушылықтың артып келе жатқаны белгілі. ADCB Kazakhstan Басқарма төрағасы Гордон Хаскинстың айтуынша, нарықтағы өтімділіктің жеткіліксіздігіне қарамастан, 15 жылдық қалыптасу кезеңінен кейін бұл сектор қазір айтарлықтай серпін көрсетіп отыр және Қазақстан мен жалпы өңірде өсетіні анық.

«Кейде біз әлем нарығынан мүмкіндік іздеп, қасымыздағы байлықты ұмытып кетеміз», — дейді Fonte Capital Ltd компаниясының бас директоры Ержан Мусин

Оның пікірінше, қазақстандық активтер өз бағасын ала алмай отыр және олар ұзақ мерзімді өсімнің негізіне айнала алады. Оның жоспарында — инвесторларға жаңа құрал ұсынып, елге шетелдік капиталдың келуіне жол ашатын ETF құру бар. 

Қазақстанның жетекші компаниялары — Halyk, Kaspi, Air Astana, Қазатомөнеркәсіп және басқалары — халықаралық нарықта IPO-ға шыққан. AIX басқарма төрайымы Әсел Мұқажанованың айтуынша, бұл инвесторларды тартуға көмектеседі, бірақ жергілікті нарықтың дамуына үлес қоспайды.