Ұлттық статистика бюросы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстандағы бизнес субъектілері туралы деректерді жариялады.

Мәліметке сүйенсек, тіркелген субъектілердің саны мынадай: Жеке кәсіпкерлер: 1 874 108 тіркелген, оның 1 782 349-ы белсенді; шағын және орта бизнес: 2 352 617 тіркелген, оның 2 149 601-і жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар: 547 760 тіркелген, 427 262-і белсенді. Яғни, шамамен 120 мың компания тіркелсе де жұмыс істемей бос тұр.

Кейінгі 10 жылдағы динамика

2015-2024 жылдары заңды тұлғалардың саны 360 287-ден 536 241-ге дейін өсті – өсім 48,8% болып отыр. Негізгі өсім – кіші бизнес есебінен: жыл сайын орта есеппен 4,6% ұлғаю байқалады.

Орта және ірі заңды тұлғалар динамикасы тұрақсыз: 2016, 2017 және 2019 жылдары сәл төмендеген. Бұл тенденция шағын кәсіпкерліктің экономикалық дамуда басты қозғаушы күш екенін көрсетеді, ал орта және ірі бизнес экономикалық тұрақсыздыққа сезімтал.

Қай өңірде қанша компания бар?

Бизнес көрсеткіштері бойынша үлкен қалалар көш бастап тұр: Алматы – 155 634 (28,4%), Астана – 107 150 (19,6%), Шымкент – 29 677 (5,4%). Аз белсенді өңірлер: Ұлытау – 2 971 (0,5%), Жетісу – 8 537 (1,6%), Абай – 8 553 (1,6%).