Қазақстанда 1,1 млн-нан астам адам ай сайын ең төменгі жалақы – 85 мың теңге көлемінде немесе одан төмен еңбекақы алады. Бұл туралы Мәжілісте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, деректер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жасалған аударымдар негізінде алынған. Олардың ішінде 329 мың адамның табысы тіпті 80 мың теңгеден төмен.

Ал «Аманат» партиясының есебінде Қазақстанда 1,8 млн адам ресми түрде ең төменгі жалақы алатыны айтылған.

Министр Жақыпова еңбек нарығындағы әділдік пен әлеуметтік кепілдіктерді сақтау үшін арнайы мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс істейтінін атап өтті. Олар «еңбек тәуекелдері картасы» арқылы жалақы төлемі мен жұмыс жағдайын тұрақты бақылауда ұстайды.