Қазақстан теміржол арқылы Үнді мұхитына шығайын деп жатыр

Қазақстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан — Өзбекстан — Ауғанстан — Пәкістан (CASA) жаңа теміржол бағытын бірлесіп пысықтауға ниетті. Жоба Пәкістанның теңіз порттарына шығуды көздейді.

Осыған байланысты Қазақстанның Көлік министрлігі, Өзбекстанның Көлік министрлігі және БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрлігі CASA теміржол жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Қазақстанның Көлік министрлігінің мәліметінше, CASA жобасы Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік байланысын күшейтіп, халықаралық жүк тасымалы, сауда, логистика және инвестициялық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға тиіс.

Жоба аясында үш ел:

  • техникалық және экономикалық зерттеулер жүргізеді;

  • талдамалық бағалаулар жасайды;

  • қажетті теміржол инфрақұрылымын дамыту мүмкіндігін зерттейді;

  • жобаны іске асырудың оңтайлы тетіктерін қарастырады.

Қазақстан мен Өзбекстанның дамыған теміржол желісі және транзиттік әлеуеті бар. Ал БАӘ көлік инфрақұрылымы, логистика және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесін ұсына алады.

Бұған дейін Пәкістан Қазақстанға Араб теңізіндегі Карачи, Қасым және Гвадар порттарының инфрақұрылымын пайдалануды ұсынған болатын.

Жаңа бағыт іске асқан жағдайда Қазақстан үшін Оңтүстік Азия нарықтарына шығатын қосымша көлік дәлізі қалыптасуы мүмкін.