Қазақстан Қытайдан жанармай импорттамақ

Қазақстан ішкі нарықты тұрақты жанармаймен қамтамасыз ету үшін үшінші елдерден әкелінетін отынға салынатын импорттық кедендік баж салығын нөлге дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Сенат кулуарында Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл шешім Еуразиялық экономикалық комиссия аясында қабылданған. Жанармай жеткізетін негізгі жаңа ел ретінде Қытай қарастырылып отыр.

«Біз үшін негізгі жанармай жеткізуші әрдайым Ресей болды. Алайда қазіргі жағдайды ескере отырып, Еуразиялық экономикалық комиссия аясында үшінші елдерден, ең алдымен Қытайдан, жанармай импортын ынталандыру үшін кедендік баж салығын төмендету туралы шешім қабылдап жатырмыз», – деді Күшікова.

Вице-министрдің сөзінше, қазіргі таңда Қазақстан бензин мен дизель отынымен толық қамтамасыз етілген. Дегенмен ел авиациялық керосинді импорттайды. Сондықтан қажет болған жағдайда оның импорты ұлғайтылуы мүмкін.

«Баж салығы нөлге дейін төмендетіледі. Нарықта Қытай жанармайының көлемі артады деп күтіп отырмыз. Бұл бензинге, дизель отынына және авиациялық отынға қатысты. Біз қазір белгілі бір кезеңде жанармай тапшылығы туындаса, оны үшінші елдерден әкелуге мүмкіндік жасаймыз. Мысалы, авиациялық отын бойынша біз толық қамтамасыз етілмегенбіз, сондықтан оны үшінші елдерден сатып алуды жалғастырамыз», – деді ол.

Сонымен қатар вице-министр жанармай экспортын шектеу сақталатынын айтты. Мұндай шектеулер әр алты ай сайын ұзартылып отырады және ішкі нарықта жанармай тапшылығын болдырмауға бағытталған.