Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы 2025 жылғы қаңтар–тамыз айларындағы Қазақстанның сыртқы сауда айналымына шолу ұсынды.
Негізгі көрсеткіштер
2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстанның тауар айналымы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,1% азайып, 90,2 млрд доллар болды. Бұл нәтижеге ең көп әсер еткен фактор — экспорт көлемінің 5,7% қысқаруы, ал импорт керісінше 2,8% өсті.
Экспорт құрылымында негізгі төмендеу минералдық өнімдерге (-3,4 млрд доллар) және көлік құралдарына (-640 млн доллар) тиесілі. Бұл әлемдік шикізат бағасының төмендеуі мен өнеркәсіп өнімдеріне сыртқы сұраныстың әлсіреуін көрсетеді.
Сонымен қатар бұл төмендеудің бір бөлігін өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан түскен табыстың артуы (+1,2 млрд доллар) ішінара өтеді. Бұған әлемдік азық-түлік бағасының өсуі және экспорт көлемінің 40% артуы әсер етті.
Қазақстанның басты бес сауда серіктесі жалпы сауда айналымының 63%-ын құрады:
- Қытай – 21,1 млрд доллар,
- Ресей – 17,0 млрд доллар,
- Италия – 11,3 млрд доллар,
- Нидерланд – 4,0 млрд доллар,
- Түркия – 3,4 млрд доллар.
Бұл аталған елдердің экономикалық жағдайы мен конъюнктурасындағы өзгерістердің Қазақстанның сыртқы саудасына тікелей әсер ететінін көрсетеді.
Соңғы үш елмен (Италия, Нидерланд, Түркия) сауда балансы 14,8 млрд доллар профицит көрсетті, бұл көрсеткіш Ресей және Қытаймен болған 8,8 млрд доллар дефицитті 6 млрд доллар артық жауып отыр.
Шикізаттық емес экспорттың үлесі 2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша 33,5%-дан 30,8%-ға дейін төмендеді. Бұл сыртқы сұраныстың әлсіреуінен бөлек, ішкі құрылымдық шектеулермен де байланысты болуы мүмкін — атап айтқанда, өндірістің жергіліктендіру деңгейінің төмендігі, импортқа технологиялық тәуелділік және үшінші елдер тарапынан бәсекенің күшеюі.
Импорт құрылымы біртіндеп машина жасау өнімдері мен агроөнеркәсіп тауарларының пайдасына қарай ығысып отыр:
- көлік құралдары +592,9 млн доллар,
- химия өнеркәсібі өнімдері +428,7 млн доллар,
- өсімдік және мал шаруашылығы өнімдері +208,4 млн доллар.
Бұл процесс ішкі тұтынудың өсуімен және ішкі өңдеу өндірісі ұсынысының шектеулілігімен түсіндіріледі.
Импортталатын тауарлардың арасында баға өсімі бойынша ең үлкен өсім келесі позициялардан байқалды:
- жиһаз (+874,6 мың теңге, тоннасына 3,7 млн теңгеге дейін),
- шоколад және какао өнімдері (+742,3 мың теңге, тоннасына 2,6 млн теңгеге дейін),
- тоңазытқыш жабдықтары (+323,0 мың теңге, тоннасына 2,7 млн теңгеге дейін),
- сүт және кілегей (+252,0 мың теңге, тоннасына 1,0 млн теңгеге дейін).
Импорттың қымбаттауы тек сыртқы бағалармен емес, валюталық ауытқулармен де байланысты.
Қазақстандағы инфляцияның 2025 жылдың 8 айында 12,2%-ға дейін жеделдеуі елдің негізгі сауда серіктестері арасындағы баға өсімінің бәсеңдеуімен салыстырғанда ерекше контраст береді:
- ЕО — 2,0%,
- Ресей — 8,1%,
- Қытай — дефляция (-0,4%).
Бұл айырмашылықтар инфляцияның көздеріндегі құрылымдық айырмашылықтарды көрсетеді: Қазақстанда инфляцияға ТКШ және ЖЖМ реформалары, фискалдық ынталандырулар, валюта бағамының ауытқуы, импортқа тәуелділік, логистика және қызмет көрсету шығындарының өсуі сияқты факторлар әсер етіп жатыр.
Маңызды факторлардың бірі — рубльдің теңгеге қатысты 36%-ға нығаюы, бұл импорт, экспорт және ішкі бағаға бәсекелестік тетігі арқылы әсер етеді.
Қорытынды
2025 жылы сыртқы сауда жалпы ішкі өнімнің өсуіне теріс үлес қосып отыр. Бұл теңгерімсіздік, шикізаттық емес экспорттың үлесінің азаюымен қатар, сауда балансына, төлем балансының тұрақтылығына және валюта бағамына қатысты күтулерге қысым түсіреді.
ҚР сыртқы саудасының қазіргі жағдайы макроэкономикалық тәуекелдердің күшеюімен және теңгерімсіздіктің артуымен сипатталады.
Құрылымдық мәселелер импорттың машина жасау және агроөнеркәсіп өнімдері пайдасына ығысуыменкүрделене түсуде, бұл ішкі өндірістің шектеулігін және жергіліктендірудің жеткіліксіздігін көрсетеді.
Инфляцияның жоғары болуы, негізгі сауда серіктестеріндегі баға динамикасымен салыстырғанда алшақтап, сыртқы және валюталық баға соққыларының ішкі экономикаға берілуін күшейтеді. Бұл отандық өндірушілердің баға бойынша бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, экспортқа бағытталған салалардың әлеуетін әлсіретеді.
Ішкі шығындардың өсуі мен импортқа тәуелділік экономиканы сыртқы күйзелістерге осал етіп, ел ішінде ақша-кредит саясатын жұмсартуға мүмкіндік аясын шектейді.
Қысқа мерзімді перспективада ішкі тұтыну мен инвестициялық белсенділіктің артуы импорттың өсуін жалғастырады, ал экспорттың қалпына келуі шикізат нарығындағы баға тұрақсыздығы мен өңдеу секторының баяу динамикасымен шектеледі.
Жыл қорытындысы бойынша жалпы импорт көлемі 64,3 млрд доллар деңгейінде (2024 жылғы 8 айда — 39,0 млрд доллар), ал экспорт 75,5 млрд доллар (2024 жылғы 8 айда — 53,2 млрд доллар) болады деп күтілуде.
Бұл өз кезегінде сыртқы сауда балансының оң сальдосының қысқаруына және экспорттық сектордың ЖІӨ өсіміне қосатын үлесінің төмендеуіне алып келеді.