Украина қауіпсіздік қызметінің «Альфа» арнайы операциялар орталығының алысқа ұшатын дрон-камикадзелері Орынбордағы газ өңдеу зауытына шабуылдады. Бұл туралы Украина БАҚ-тары хабарлады.
Алдымен дрондар Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Темрюк теңіз портындағы мұнай өнімдері сақталған екі резервуарға соққы беріп, өрт шыққан. Одан кейін қуаттылығы жылына 37,5 млрд текше метр газды құрайтын, әлемдегі ең ірі ГӨЗ-дердің бірі шабуылға ұшырады.
Дрондардың соққысынан шикі газды күкіртсутегі мен көмірқышқыл газынан тазартатын 3У-70 қондырғысының эстакада құбырында газ жанған. Кәсіпорындағы технологиялық процесс тоқтатылды. Бүкіл әлем бойынша нақты уақыт режимінде өрттерді бақылайтын FIRMS сервисі ГӨЗ аумағындағы өртті тіркеді.
Айта кетейік, Орынбор ГӨЗ-інде барлық қазақстандық газдың шамамен үштен бірі өңделеді.
2025 жылғы 19 қазанда Орынбор газ өңдеу зауытында ұшқышсыз әуе аппараты шабуылы салдарынан апатты жағдай болып, зауыт Қарашығанақ кен орнынан шикізат газ қабылдауды уақытша тоқтатты.
Одан кейін 22 қазанда Орынбор ГӨЗ украиналық дрондар шабуылынан кейін Қарашығанақ кен орнынан келетін қазақстандық шикі газды қабылдауды қайта бастады.
Естеріңізге сала кетсек, Бұған дейін Қарашығанақтан Орынборға газ құбыры тартылатынын хабарлаған едік. Ресей мен Қазақстан арасында жаңа магистральды газ құбырын салу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құбыр Ресейден Қазақстан аумағына дейін тартылып, елдің солтүстік және орталық аймақтарының энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталады.
Сонымен қатар Қазақстанның бірінші вице-премьері Роман Скляр Ресейдің «Газпром» компаниясының төрағасы Алексей Миллермен жаңа келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2025 және 2026 жылдары Ресейден Қазақстанға жеткізілетін газ көлемі ұлғаяды.