Qazaq Air уәде етілгеннен 50% арзанға сатылған

Qazaq Air уәде етілгеннен 50% арзанға сатылған

«Самұрық-Қазына» қоры Qazaq Air әуе компаниясының 51% үлесін вьетнамдық Sovico Group холдингіне 1,02 млрд теңгеге сатты. Бұл туралы қордың KASE-де жарияланған 2025 жылдың 9 айындағы аудиттелмеген қаржылық есебінде айтылған. Қазіргі уақытта қор әуе компаниясының 49%-ына иелік етеді. Құжатта мәміленің 2025 жылғы 6 мамырда жабылғаны көрсетілген.

Әуе компаниясы саудаға 2023 жылғы 18 тамызда шығарылған болатын. Бастапқыда оның бағасы 10,2 млрд теңге деп белгіленген еді. Бұған қоса сатып алушы Ұлттық қор алдындағы 38 млрд теңге қарызды өтеу міндетін алуы керек болды. Алайда, өтінімдердің болмауына байланысты сату конкурсы екі рет өтпеді деп танылды.

Sovico Group-тың Qazaq Air-ге қызығушылық танытып отырғаны алғаш рет 2023 жылдың қарашасында белгілі болған. Ол кезде Көлік министрі болған Марат Қарабаев тасымалдаушы 10 млрд теңгеге бағаланғанын мәлімдеген еді.

2024 жылдың мамыр айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур бизнес-форумының жабылу салтанатында Qazaq Air-ді вьетнамдық инвесторларға сату туралы шешімді жариялады. Ал 2024 жылдың жазында Қарабаев мәміле жыл соңында аяқталады және оның сомасы 2 млрд теңге болады деп хабарлаған. Сонымен қатар инвестор компанияның қарыздарын өтеп, жаңа ұшақтар сатып алуға тиіс еді.

2024 жылдың желтоқсан айының соңында «Самұрық-Қазына» Central Asia Aviation Holdings Limited және Kazasia Holdings Limited компаниялар консорциумымен Qazaq Air-ді сатып алу-сату шартына қол қойды

Қазіргі уақытта Qazaq Air капиталы былай бөлінген: «Самұрық-Қазына» – 49% акция; Central Asia Aviation Holdings Limited (вьетнамдық Sovico Group JSC холдингінің құрамына кіреді) – 49% акция; Kazasia Holdings Limited – 2% акция (иесі — Тахир Фам).