Ұлттық банктің Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің несие портфелі мен мерзімі өткен қарыздарына жасалған талдауы қарыз алушылардың тәртібінде айқын айырмашылық бар екенін көрсетті. Кейбір банктердің клиенттері несиелерін уақытылы төлеп отырса, енді бірқатары төлемді 90 күннен астам кешіктіруде көш бастап тұр.
Уақытында төлейтін қарыз алушылар қай банктерде?
Кестедегі деректерге сүйенсек, ең төмен деңгейде мерзімі өткен несиелері бар банктер қатарында «Шинхан Банк Казахстан» (0,14%), «Citibank Kazakhstan» (0,61%), «Altyn Bank» (0,80%). Бұл көрсеткіштер осы банктердің қарыз алушыларының төлем тәртібі жоғары екенін білдіреді. Басқаша айтқанда, клиенттердің басым бөлігі уақытылы төлейді, кешіктіру деректері өте аз.
Ең көп кешіктіретіндер кімдер?
Ал 90 күннен артық мерзімі өткен қарыз үлесі бойынша жағдай мүлде бөлек: «Коммерциялық Банк БиЭйКей» (27,67%), ««АДСБ» Ислам банкі» (18,71%), ««Заман-Банк» Ислам банкі» (17,22%). Бұл банктердегі несие портфелінің елеулі бөлігі қайтарымсыз немесе ұзақ мерзім кешіктірілген қарыздарға тиесілі.
Ірі ойыншылар
Қазақстан нарығындағы ең ірі бес банктің жағдайы ерекше назар аудартады. Халық банкі активтері бойынша да, несие портфелі бойынша да көшбасшы. Бірақ кешіктірілген қарыз сомасы да ең жоғарының бірі болып тұр – 330 млрд теңгеден асады. Kaspi портфелі көлемі бойынша екінші орында. Бірақ кешіктірілген қарыздың үлесі – 5,32%, бұл Халық банкімен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары. Демек, Kaspi клиенттерінің белгілі бір бөлігі несиені уақытылы жаппай отыр. БЦК-нің көрсеткіші ірі бестік ішінде ең төмен тәуекел деңгейінде. Тек 1,6%-ы ғана 90 күннен астам кешіктірілген. Ал ипотекаға маманданған Отбасы банкте кешіктіру деңгейі ең төмен – бар болғаны 0,12%. ForteBank клиенттерінің 3%-ы шамасында қарызды ұзақ мерзімге кешіктіріп отыр. Евразиялық банкте жағдай күрделірек. Кешіктірілген қарыз үлесі 8,2%, бұл ірі банктер ішінде ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар мұны тұтынушылық несиелерге тәуелділікпен байланыстырады.