Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық (ICSID) Қазақстанға Республикасына Қашаған акционерлерінің арбитраждық іс қозғағаны туралы хабарлама жіберді. Бұл туралы Интерфакс-Қазақстан ҚР Әділет министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

«2026 жылғы 9 ақпанда Қашаған жобасының мердігер компаниялары арбитраждық талқылау туралы өтініш бергеніне байланысты республикаға ICSID-тен хабарлама келіп түсті», – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Ведомство құқықтық және консультациялық көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Үкімет мүддесін арбитражда қаралып отырған мәселе қай мемлекеттік органның құзыретіне жатса, сол орган қорғайды. Алайда нақты қай орган екені нақтыланбады.

Бұған дейін Қашаған операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) акционерлері Қазақстан билігінің консорциумға салған экологиялық айыппұлын даулауға байланысты арбитражға жүгінгені хабарланған.

NCOC мәлімдеуінше, күкіртті төгуге қатысты рұқсат талаптарын бұзды деген айыптар бойынша Қазақстанның әрекеттері халықаралық инвестициялық келісімдердегі міндеттемелеріне, соның ішінде инвесторларға әділ әрі тең режим ұсыну талабына сай келмейді.

Қазақстан билігі мен NCOC арасында 2022 жылы экологтар анықтаған заңбұзушылықтарға байланысты бірнеше жылдан бері сот даулары жалғасып келеді. Ол кезде айыппұл көлемі 2,3 трлн теңгеге дейін жетуі мүмкін екені айтылған, алайда нақты соманы сот анықтауы тиіс болған.

Тексеру қорытындысы бойынша, NCOC 1,2 млн тоннадан астам күкіртті белгіленген нормадан артық төккен. Сондай-ақ ағынды сулар тиісті тазартусыз буландыру тоғанына төгілгені, тазартылмаған газ экологиялық рұқсатсыз алауда жағылғаны анықталған.

Оператор тексеру нәтижелерін даулауға сотқа жүгінген. 2025 жылғы желтоқсанда Астана соты компанияның апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

2026 жылдың ақпан айының басында Shell компаниясының басшысы Ваэль Саван бірлескен кәсіпорындар серіктестері мен Қазақстан үкіметі арасындағы негізгі мәселелер бойынша келісімнің болмауы инвестицияны арттыруға кері әсер етіп отырғанын мәлімдеген.

Reuters агенттігінің дерегінше, Қазақстанның акционерлерге қоятын талабы 4,6 млрд долларды құрайды.

Қашаған – соңғы онжылдықтарда ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Оның алынатын қоры 9–13 млрд баррель мұнайға бағаланады. Коммерциялық өндіру 2016 жылдың күзінде басталған.

NCOC консорциумы акционерлері: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).