Автор: Дайана Тоқбергенова
Елорда көшелерінің тазалығы, жинақы аулалар мен жарқыраған даңғылдардың артында күн сайын тынымсыз еңбек ететін қарапайым жандар тұр. Олар – «Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлері. Қала тұрғындары ұйқыдан оянғанша, коммуналдық қызметкерлер жұмысын бастап кетеді.
Олардың қатарында ерлі-зайыпты болып еңбек етіп жүрген отбасылар да аз емес. Көп жылдан бері қала тазалығына үлес қосып жүрген жұбайлардың бірі – Сайлан Қажыден мен Миқуа Әлихан. Олар таңғы сағат 7:00-ден 16:00-ге дейін тынымсыз еңбек етеді. Бір мекемеде жұмыс істегенімен, ерлі-зайыптылар әртүрлі аумақта жұмыс атқарады. Соған қарамастан, екеуі де өз еңбектерін ерекше мақтанышпен орындайды.
– Атамекенге көшіп келгеннен кейін еліміздің әрбір бұрышы бізге ыстық. Сондықтан жұмысымызға өз үйіміздің тазалығындай қараймыз. Біз үшін көше тазалау – жай ғана жұмыс емес, елге қызмет ету. Сол арқылы туған Отанымызға пайдамыз тисе дейміз, – дейді Сайлан Қажыден.
Ал Барбол Мұхаммед пен Айгүл Хисаптың отбасы қала тұрғындарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Олардың айтуынша, кейбір адамдар қоқысты арнайы жәшіктерге тастамай, кез келген жерге лақтырып кетеді.
– Біз бірнеше уақыт бұрын тазалаған жердің қайтадан тез-ақ ластанғанын көрсек, қынжылып қаламыз. Тазалықты сақтау тек коммуналдық қызметкерлердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті болуы керек деп ойлаймын. Кейде, тіпті көшеде қыдырып жүрсек те, өзге қалаларға барғанымызда да әдетімізше қоқыс көрсек, оны жинап алғымыз келіп тұрады. Мен мұны өз ісімізге деген жанашырлық деп білемін, – дейді Айгүл Хисап.
Айдос Томанов пен Гүлшат Жанпейісованың отбасы бұл мамандықтың қиындықтарымен қатар артықшылықтары да бар екенін айтады. Олардың сөзінше, бұл салада еңбекқор және жауапты адамдардың кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік мол.
– Еңбек еткен адамға мұнда мүмкіндік бар. Жұмысқа адал қарап, өз міндетіңді жақсы атқарсаң, қызметте тез көтерілуге болады. 2023 жылы жұмысшы болып қабылдандым, кейін бригадир қызметіне көтерілдім, қазір шебер (мастер) болып жұмыс істеп жүрмін, – дейді Айдос Томанов.
Бүгінде «Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлері тек көшелерді тазалап қана қоймай, елорданың көркі мен тұрғындардың жайлы өмір сүруіне күн сайын үлес қосып келеді. Олардың еңбегі көбіне көзге көріне бермейді. Алайда қаланың тазалығы мен тәртібі – осы қарапайым еңбек адамдарының маңдай терінің нәтижесі.
Қала көшелерінің тазалығы өздігінен пайда болмайды. Оның артында таңмен таласа оянып, аптап ыстық пен қақаған аязға қарамай еңбек ететін қарапайым жандардың маңдай тері жатыр. Сондықтан олардың еңбегін бағалау – әрбір қала тұрғынының азаматтық парызы.