Қарағанды – Жезқазған жаңа автожолының құрылысы басталды

Қарағанды – Жезқазған жаңа автожолының құрылысы басталды

Республикалық маңызы бар Қарағанды – Жезқазған жаңа автожолының құрылысына ресми түрде басталды. Жалпы ұзындығы 457 шақырымды құрайтын жолдың 122 шақырымы Қарағанды облысының аумағы арқылы өтеді. Құрылыс жобасының тапсырыс берушісі – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ.

Премьер-министр орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, дайын болған учаскелер бойынша қозғалыс бүкіл трассаның құрылысы толық аяқталғанын күтпей-ақ, кезең-кезеңімен ашылады.

Жаңа автожол қолданыстағы трассамен қатар салынады.

Жоба аясында қазіргі заманғы қауіпсіздік пен сапа талаптарына толық сәйкес келетін ІІ техникалық санаттағы екі жолақты автомобиль жолын салу көзделген.

– Бұл жобаның басты ерекшелігі – біз алғаш рет DBM (Design – Build – Maintain) моделін қолдандық. Бұл форматқа сәйкес мердігер нысанның бүкіл өмірлік цикліне – жобалаудан және құрылыс жұмыстарынан бастап, оны жеті жыл бойы күтіп-ұстауға дейін толық жауап береді. Мұндай тәсіл жобалаушылар мен құрылысшылар арасындағы келіспеушіліктердің алдын алып, жобаның қымбаттау және мерзімінің созылу тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ бұған дейінгі жобаларда кездескен даулы мәселелерді болдырмауға мүмкіндік береді. Барлық жауапкершіліктің бір ғана мердігер ұйымның қолына шоғырлануы жобаны іске асыру үдерісін тиімді әрі ашық етеді. Жұмыстарды 2029 жылы аяқтап, осы жол учаскесінде көлік қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз, – деді ҚазАвтоЖол басшысы Дархан Иманашев.

Құрылыс жұмыстары бір мезгілде төрт учаскеде жүргізіледі. Әрбір учаске бойынша мердігер ұйымдар айқындалған.

Қазіргі таңда құрылысшылар аумақты дайындау, жобалау жұмыстарын жүргізу және жер төсемін салу жұмыстарына кірісіп жатыр.