Ең көп жалақыны қазақтар қай жаста алады?

Қазақстанда ең жоғары орташа айлық жалақы 35–44 жас аралығындағы қызметкерлерге тиесілі. Бұл жастан кейін табыс біртіндеп төмендей бастайды. Әсіресе 55 жастан асқан азаматтардың жалақысындағы айырмашылық байқалады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы деректерінде көрсетілген.

35–44 жастағы қызметкерлердің орташа айлық атаулы жалақысы 489 629 теңгені құрады. Бұл – барлық жас санаттары арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

45–54 жастағы қызметкерлердің орташа жалақысы 467 544 теңге болса, 55–64 жас аралығындағылардікі 399 772 теңгеге дейін төмендейді. Ал 65 жастан асқан қызметкерлер орта есеппен 341 869 теңге жалақы алады.

Осылайша, 35–44 және 55–64 жас аралығындағы қызметкерлердің жалақы айырмасы 89 857 теңгені немесе 18,4%-ды құрайды. Ал 65 жастан асқан азаматтардың орташа жалақысы ең жоғары көрсеткіштен 147 760 теңгеге немесе 30,2% төмен.

Жас қызметкерлер арасында жалақы біртіндеп өседі. 16–24 жастағы азаматтардың орташа айлық табысы 310 256 теңге болса, 25–34 жастағылардікі 424 097 теңгеге жетеді.

Ерлердің жалақысы қай жаста жоғары?

Ерлер арасында да ең жоғары орташа жалақы 35–44 жас аралығына тиесілі. Бұл санаттағы ерлер айына орта есеппен 574 138 теңге алады.

45–54 жастағы ерлердің орташа жалақысы 555 066 теңге болса, 55–64 жастағылардікі 442 963 теңгені құрайды. Ал 65 жастан асқан ерлердің орташа табысы 350 733 теңгеге дейін төмендейді.

Салыстыру үшін, 16–24 жастағы ерлердің орташа жалақысы 337 772 теңге, ал 25–34 жастағылардікі 477 344 теңге болды.

Әйелдердің жалақысы да осы жаста шарықтайды

Әйелдер арасында да ең жоғары орташа айлық жалақы 35–44 жас аралығында тіркелді. Бұл топтағы әйелдер айына орта есеппен 407 441 теңге алады.

45–54 жастағы әйелдердің орташа жалақысы 402 660 теңге болса, 55–64 жастағылардікі 363 965 теңгені құрайды. Ал 65 жастан асқан әйелдердің орташа жалақысы 331 539 теңгеге дейін төмендейді.

16–24 жастағы әйелдердің орташа айлық табысы 279 555 теңге, ал 25–34 жастағылардікі 361 169 теңге болды.

35–44 және 55–64 жас аралығындағы әйелдердің орташа жалақы айырмасы 43 476 теңгені немесе 10,7%-ды құрайды.