2026 жылдың алғашқы 8 айында Қазақстандағы зейнетақы активтерін жеке басқарушы компаниялардың барлығы жинақталған инфляциядан жоғары табыстылық көрсетті. Осы кезеңдегі инфляция 6,37% болды.
Ал зейнетақы активтерінің негізгі бөлігін басқаратын Ұлттық банктің портфелі нақты мәнде төмендеді.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша Ұлттық банктің басқаруында Қазақстан азаматтарының зейнетақы активтерінің 94,66%-ы, яғни 26,95 трлн теңге болды. Жыл басынан бері салымшылардың шоттарына Ұлттық банктің басқаруындағы активтерден 1,1 трлн теңге инвестициялық табыс есептелді.
Алайда бұл кезеңдегі табыстылық 4,2% болды. Инфляцияны ескергенде, зейнетақы жинақтарының нақты табыстылығы -2,17% құрады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мұны негізінен теңгенің нығаюына байланысты валюталық активтердің бағамдық қайта бағалануының теріс әсерімен түсіндірді.
Жекеменшік басқарушылар арасында кім алда?
«Сентрас Секьюритиз» – 12,18% Нақты табыстылығы – 6,43%. Басқаруындағы активтер – 22,6 млрд теңге. Салымшыларға 1,2 млрд теңге инвестициялық табыс есептелді.
Halyk Finance – 9,06% Нақты табыстылығы – 2,69%. Портфель көлемі – 77,6 млрд теңге. Салымшылар шотына 5,8 млрд теңге түсті.
Alatau City Invest – 8,25% Нақты табыстылығы – 1,88%. Портфель – 24 млрд теңге.
BCC Invest – 8,09% Нақты табыстылығы – 1,72%. Портфель – 19,6 млрд теңге.
Halyk Global Markets – 7,55%
Нақты табыстылығы – 1,18%. Басқаруындағы активтер – 6,6 млрд теңге.
Tansar Capital – сәуірден бері 2,43%. Портфель көлемі – 743,66 млн теңге.
Осылайша, алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша Ұлттық банктің басқаруындағы портфельдің нақты табыстылығы теріс болған, ал жеке басқарушылардың көрсеткіштері инфляциядан жоғары қалыптасты.
Зейнетақы активтері БЖЗҚ-да жай сақталмайды. Олар түрлі қаржы құралдарына инвестицияланып, салымшыларға инвестициялық табыс әкеледі. Бұл механизмнің негізгі мақсаты – зейнетақы жинақтарының инфляция әсерінен құнсыздануын барынша азайту.