Мәжілісте «Банктер туралы» заң жобасының таныстырылымы өтіп жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова проблемалық банктерді мемлекет қалай құтқаратынын түсіндірді.

Заң жобасына сәйкес, төлем қабілетсіздігі жағдайында мемлекеттік көмек тек жүйе құраушы банктерге көрсетіледі. Олар уақытша мемлекеттің меншігіне өтеді, ал олардың қаржылық жағдайы тұрақтанғаннан кейін жаңа инвесторға сатылады.

Егер мемлекет банкті инвесторға сатқаннан кейін оған жұмсаған қаражатын қайтара алмаса, айырмасы қалған банктердің жарналары есебінен жабылады.

«Заңда төлем қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігі қарастырылған. Үш тетік көзделеді. Біріншісі – күшейтілген қадағалау, екіншісі – қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру, үшіншісі – реттеу. Алғашқы екі режим банк әлі сауықтыруға болатын кезде қолданылады, оны тұрақты жағдайға әкелу үшін», – деді Әбілқасымова.

Оның айтуынша, үшінші тетік банк төлем қабілетсіз болғанда немесе төлем қабілетсіз деп танылған жағдайда қолданылады.

«Мұнда мемлекеттің банкті құтқаруға қатысуын шектеу үшін бюджет қаржысы тек жүйе құраушы банктерді құтқаруға ғана пайдаланылуы мүмкін деп көзделген. Бұл – активтері мен депозиттері көп банктер. Олардың банкротқа ұшырауы бүкіл қаржы жүйесінің күйреуіне әкелуі мүмкін», – деді ол.

Ол бұған дейін мемлекет проблемалық банктерді құтқарудың түрлі тетіктерін пайдаланғанын еске салды. Атап айтқанда, Ұлттық банк субординацияланған облигациялар берген, бұл оның айтуынша, мемлекеттен мұндай көмек алмаған банктермен салыстырғанда адал бәсекелестікті бұзды. Бұдан бөлек, банктерден стресс-активтер номиналды құнымен сатып алынған, яғни бұл банктердің шығындары мемлекетке жүктелді.

Жаңа түзетулерде банктердің шығындарын жабу ең алдымен акционерлік капитал есебінен жүргізіледі.

«Яғни барлық ақша – акционер капиталы, ол банктің шығындарын жабуға жұмсалады. Екіншіден, міндеттемелер конвертацияланады. Онда арнайы класс бар – «жұтылатын міндеттемелер» деп аталады. Егер банк төлем қабілетсіз болса, кейбір қарыз облигациялары да шығындарды жабуға жіберілуі мүмкін», – деді Әбілқасымова.

Егер бұл қаражат банкті құтқаруға жеткіліксіз болса, мемлекет қосымша қолдау көрсетіп, акционерлік капиталға кіреді.

«Акционерлік капиталға кіру кезінде ең басты рәсім – банкті таратуға қанша шығын кететіні, оның салдары қандай болатыны және мемлекеттің капиталға кіруі тиімді ме, соны бағалау жүргізіледі. Бұл мәселе қаржылық тұрақтылық кеңесіне шығарылады, оған барлық қаржы реттеушілері, Қаржы министрлігі, уәкілетті органдар қатысады», – деді ол.

Ұжымдық шешім қабылданғаннан кейін мемлекет төлем қабілетсіз банктің капиталына кіріп, оның акционері бола алады. Қаржы институты тұрақтанғаннан кейін мемлекеттің үлесін жаңа инвесторға сату ұсынылады. Егер бұл сома банкті құтқаруға жұмсалған мемлекеттік шығыннан аз болса, айырмасын Қазақстанның екінші деңгейлі банктері өтейді.

«Содан кейін мемлекет банктің тұрақтылығын қалпына келтіреді, оны жаңа инвесторға сатады. Жаңа инвесторға сату кезінде мемлекет банкті құтқаруға салған ақшаны толық қайтара алмаса, міне сол айырма – біз 100-бапта жазған айырма, оны барлық екінші деңгейлі банктер өтеуге тиіс», – деді Әбілқасымова.

Оның айтуынша, мұндай тәжірибе барлық қаржы реттеушілері кіретін Қаржылық тұрақтылық кеңесі басшылыққа алатын негізгі құжатта қарастырылған. Әбілқасымова бұл шаралар салық төлеушілердің және проблемалық банкті құтқаруға жұмсалған бюджет қаржысын қорғауға бағытталғанын атап өтті.