Платформа арқылы 500 мың адам жұмыс істеп жүр

Платформа арқылы 500 мың адам жұмыс істеп жүр

Urban Forum Kazakhstan Қазақстандағы платформалық жұмыспен қамтылуды талдады. Зерттеу нәтижесі бойынша, елде 500 мыңнан астам адам, яғни жұмыс істейтін халықтың шамамен 5–6%-ы, түрлі платформалар арқылы табыс табады. Дегенмен, мұндай жұмысшылардың салықтық мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуы әлі мәселе болып тұр.

Платформалық жұмысты таңдау және жұмыс жүктемесі

Қазақстандағы платформалық жұмыстың ең танымал сегменттері — такси және курьерлік жеткізу. Бұл нарықта Wolt, Glovo, «Яндекс.Go» сияқты ірі халықаралық компаниялар мен отандық Chocofood/Рядом қызмет көрсетеді. Қала ішіндегі такси тасымалы нарығында негізінен «Яндекс.Go» үстем болса, қалалар арасындағы бағытта InDriver басым.

Жұмысшылар көбіне платформалық жұмысты еркін кесте үшін таңдайды — бұл қажет кезде жұмыс істеп, оны оқу немесе негізгі жұмысымен қатар алып жүруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бастықтың болмауы — қысымсыз жұмыс істеуге жағдай жасайды. Жақсы табыс та маңызды рөл атқарады, бірақ ол әрқашан тұрақты бола бермейді.

Қазақстанда курьерлердің орташа тапсырыс саны күніне шамамен 5-тен (күніне 3 сағаттай жұмыс істегенде) 15-ке дейін (ұзақ жұмыс күнінде) өзгереді. Алайда 10-нан көп тапсырыс орындау көбіне шаршауға байланысты қиындық туғызады.

Такси жүргізушілері орта есеппен сағатына 3,7 сапар жасайды. Көшбасшы — Кентау қаласы (сағатына 5,9 сапар), ал соңғы орында — Алматы (сағатына 2 сапар).

Белгілі бір платформаны таңдаудың себептері

Такси жүргізушілері үшін «Яндекс» ыңғайлы, өйткені тапсырыстар автоматты түрде бөлінеді және бос уақыттарда төмен тарифті тапсырыстар беріледі. Кемшілігі — жоғары комиссия. InDrive-тың артықшылығы — комиссиясының төмендігі және көлікке қойылатын талаптарының жеңілдігі, бірақ тапсырыс ағыны тұрақсыз және қосымша технологиялық тұрғыдан әлсіздеу.

Курьерлердің пікірінше, «Яндекстегі» талаптар ең қатаң, сондықтан кейбірі басқа платформаларға ауысады. Соңғы уақытта компания қолданушылар мен жұмысшылардың пікірін ескеріп, ережелерін өзгертетін болған. Wolt-қа қатысты пікірлер өте жақсы — ол жұмыс күні соңында курьерлерден қолданба, мекемелер және клиенттердің мінез-құлқы туралы кері байланыс жинайды.

Салық және әлеуметтік қорғау

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы платформалық экономиканы реттеу әлі қалыптасу кезеңінде. Заңнамаға негізгі түзетулер әзірлену үстінде, ал көптеген платформалық жұмысшылар әлеуметтік қорғаумен қамтылмаған.

2023 жылғы шілдеден бастап Астана мен Алматыда такси жүргізушілері үшін жаңа салық режимін тестілеу бойынша пилоттық жоба өтті. Онда жүргізушілер арнайы салық режимін қолданып, мобильді қосымша арқылы жұмыс істеді, ал платформаның өзі олардың жеке кәсіпкер (ЖК) ретіндегі салықтарын есептеп, төледі. Бұл жобаның мақсаты — жүргізушілерді көлеңкеден шығарып, ресми тіркеуге ынталандыру еді. Жобаға 70 мыңнан астам адам қатысып, әлеуметтік кепілдіктерге ие болды. Енді жаңа Салық кодексінде «Платформалық жұмыспен қамту» режимін енгізу мәселесі талқылануда.

Көлеңкеден шығу мәселесі

Көптеген жұмысшылар әлі де ЖК ашпай жұмыс істейді, себебі салық жүктемесі уақыт өте көбейеді деп санайды. Ал тіркелген жағдайда тапсырыс алуда қосымша артықшылықтар берілсе де, бұл әзірге басты ынталандырушы факторға айналмаған.

Үкімет жоспарына сәйкес, 2026 жылдың соңына қарай таксопарктер арқылы жұмыс істейтіндердің барлығы міндетті түрде ЖК ретінде тіркеліп, платформалық жұмысшы мәртебесін алуы тиіс. Бұл нарықты заңдастыруға бағытталған. Сонымен қатар, 2026 жылы заңнамаға «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» ұғымын қайта енгізу қарастырылуда. Бұл қабылданса, платформалық жұмысшылар ЖК ашпай-ақ жұмыс істей алады.

Сарапшылардың пікірінше, платформалық экономиканың тұрақты дамуы үшін мемлекет платформалардың өзімен тығыз жұмыс істеуі қажет. Алайда реттеу көлемі мен сапасы маңызды: тым қатаң бақылау бәсекені және инновацияны тежейді, ал мүлде бақылаусыз қалдыру — тәуекелдер мен тұрақсыздыққа әкеледі.