Қаржы министрлігінің дерегінше, тамыз айында өңірлер 909,4 млрд теңге салық жинаған. Бұл — маусым мен шілдедегі төмендеуден кейін 56% өсім, жыл басынан бергі ең нәтижелі кезеңдердің бірі болды.

Қаңтар–тамыз аралығында өңір бюджеттеріне түскен жалпы салық 5,7 трлн теңгеге жетті.

Көш басында – Алматы, Астана және Атырау

Экономикалық белсенділігі жоғары үш өңір ел бюджетінің басым бөлігін қамтамасыз етіп отыр:

Алматы — 1 409,6 млрд теңге (табыс құрылымының 91,8%-ы);

Астана — 778,9 млрд (71,8%);

Атырау облысы — 587,3 млрд (92,2%).

Ал салық түсімі ең аз өңірлер: Қызылорда — 89,3 млрд, Солтүстік Қазақстан — 87,7 млрд, Ұлытау — 84,8 млрд, Жетісу — бар болғаны 71 млрд теңге.

Фискалдық дербестік деңгейі

Өңірлердің табыс құрылымы олардың қаржылық тәуелсіздігін айқын көрсетеді.

50–70% аралығындағы үлес — шартты түрде фискалдық тұрғыда тәуелсіз аймақтар: Павлодар (62,9%), Алматы облысы (63,3%), Ұлытау (62,5%), Маңғыстау (51,1%)

Ал 30%-дан төмен үлес – орталыққа қаржылай тәуелді өңірлер: СҚО (24,9%), Жамбыл (23,4%), Жетісу (19,4%), Қызылорда (17,5%), Түркістан (15,2%).

Шығын мен табыс арақатынасы

Қаржылай тұрақты өңірлердің кейбірі салықтан көп жинап, аз жұмсайды: Атырау облысы әр 1 теңге салыққа 0,96 теңге жұмсаған, Алматы — 0,88 теңге.

Бірақ Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарында жағдай керісінше: әрбір 1 теңге салық 5–6 теңге трансфертпен қолдау табады. Бұл өңірлердің салық базасы әлсіз, ал әлеуметтік шығындары жоғары.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша аймақтардың табыс құрылымындағы салық үлесі орташа есеппен 46,5% ғана. Бұл — өңірлік бюджеттердің тең жартысы орталықтан бөлінетін трансферттер есебінен қалыптасатынын білдіреді.