Ойын-сауық нарығы өзгеріп келеді: кино мен спортқа сұраныс артты

Ойын-сауық нарығы өзгеріп келеді: кино мен спортқа сұраныс артты

Қазақстанның ойын-сауық индустриясында кейінгі жылдары айқын өзгеріс байқалады. Ticketon билет платформасының дерегіне сай, бұрын бұл нарықта концерттер негізгі орын алса, қазір көрерменнің таңдауы әртараптанып, кино, спорт, киберспорт және жергілікті контентке қызығушылық арқан. Бұл туралы Freedom Impressions Talk алаңында Freedom Lifestyle Group атқарушы директоры Ерлан Есімсейітов айтты.

Оның сөзінше, Ticketon ұзақ уақыт бойы концерттік сегментте белсенді жұмыс істеп келді. Алайда соңғы жылдары билет сатылымының құрылымы өзгере бастаған. 2025 жылы сатылған билет саны жағынан кино концерттерден асып түскен. Бұл көрерменнің демалыс таңдауы өзгеріп жатқанын аңғартады. 

Соған қарамастан концерттер ойын-сауық нарығындағы маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл сегментте билет құны жоғары болғандықтан, табыс көлемі де қомақты. Сондықтан киноға сұраныстың артуы концерттердің әлсірегенін емес, көрермен талғамының кеңейгенін көрсетеді. 

Сонымен бірге спорттық іс-шараларға қызығушылық өсіп келеді. Ticketon мәліметінше, платформадағы сатылымдардың шамамен 10%-ы спортқа тиесілі. Әсіресе футбол мен бұқаралық спорттық шараларға сұраныс артқан. 

«Бүгінде «Қайраттың» толық стадион жинап жатқанын көріп отырсыздар. Егер спортқа жеке инвестиция келіп, бизнес араласатын болса, оны табысты салаға айналдырып, жүйелі түрде дамытуға болады», — дейді Freedom Lifestyle Group атқарушы директоры Ерлан Есімсейітов.

Компания әлеуеті жоғары бағыттардың бірі ретінде киберспортты атап отыр. Бұл сала жаңа аудитория қалыптастырып қана қоймай, шетелдік көрерменді де тартып, оқиғалық туризмнің дамуына ықпал ете бастаған.

«Өсімі жоғары деп жорамалдап отырған жаңа бағыт – киберспорт. Мұның ерекшелігі, ол тек Қазақстанның ішкі нарығымен шектелмейді. Жарыстарды көру үшін, сүйікті командаларын қолдау үшін Қазақстанға шетелден келетін адамдар көп», — деп атап өтті спикер.

Соңғы жылдары қазақстандық киноға сұраныс та айтарлықтай өскен. Платформа дерегіне сәйкес, бүгінде жергілікті фильмдерге келетін көрермен саны шетелдік контентты тұтынушылардан жоғары.

Ticketon-нан билет сатып алушылардың 71%-ы – әйел адамдар. Ал ең белсенді аудитория – 25 пен 54 жас аралығындағы азаматтар. Нарықтағы негізгі сұранысты қалыптастырып отырған да осы топ.

Жиында билет сату жүйесі мен инфрақұрылым жайы да айтылды. Ерлан Есімсейітовтің сөзінше, қазір көрермен іс-шараның деңгейін тек ұйымдастыру сапасымен емес, билет сатып алу мен шара өтетін жерге кірудің қаншалықты ыңғайлы өткенімен де бағалайды. Сол себепті компания стадиондар мен концерт залдарындағы кіру жүйесін жаңартуға көңіл бөліп отыр.

Мысал ретінде Алматыдағы Орталық стадион айтылды. Бүгінде бұл алаңға минутына 250 адам кіре алады. Алайда стадионның сыйымдылығына сәйкес, кептелісті азайту мақсатында аталмыш көрсеткішті 382 адамға жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін қосымша 44 турникет орнату керек. Tiketon осындай жауапкершілігі жоғары жобаларды да қолға алуға кіріскен.