«Верный Капитал» компаниялар тобы OLX Group компаниясынан OLX Қазақстан онлайн-хабарландыру платформасының 100%-ын сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтады. Сатып алу Beeline Қазақстан портфельдік компаниясы арқылы жүзеге асырылды.
Мәміле барлық реттеуші рәсімдер аяқталғаннан кейін жасалды. Оның құны 81 млн долларды құрады.
OLX Қазақстан – еліміздегі ең танымал цифрлық платформалардың бірі. Компания мәліметінше, платформа Қазақстандағы белсенді интернет аудиториясының 52%-дан астамын қамтиды және ай сайын шамамен 9 млн белсенді пайдаланушыға қызмет көрсетеді.
Платформа тауарлар мен қызметтер, жұмыс орындары, автомобильдер және жылжымайтын мүлік сияқты түрлі санаттар бойынша хабарландыру жариялауға мүмкіндік береді.
Мәміле нәтижесінде Beeline Қазақстан пайдаланушыларға өзара байланысқан цифрлық шешімдердің кең ауқымын ұсына алады. Бұл заманауи цифрлық оператор моделіне сәйкес келеді.
«Верный Капитал» (Verny Capital) – Қазақстандағы ірі жеке инвестициялық топтардың бірі. 2006 жылы құрылған компания тікелей инвестициялар (private equity), телекоммуникация, қаржы, жылжымайтын мүлік, қонақүй бизнесі және медиа салаларында жұмыс істейді. Топтың негізгі инвесторы – қазақстандық кәсіпкер Болат Өтемұратов.
Компанияның басқаруындағы активтер көлемі шамамен 4 млрд долларды құрайды.
«Верный Капиталдың» инвестициялық портфелі бірнеше негізгі бағытты қамтиды.
Топтың маңызды активтерінің бірі – Beeline Қазақстан.
Негізгі қаржы активі – ForteBank.
Топтың жылжымайтын мүлік бағытындағы активтеріне Talan Towers кешені кіреді. Сондай-ақ қонақүй бизнесінде The Ritz-Carlton Astana, Rixos Borovoe және Мәскеудегі The Carlton сияқты нысандар бар.
Сонымен қатар, «Верный Капиталдың» медиа активтері қатарында 31 арна мен Informburo.kz ақпараттық порталы аталады.
Топтың білім беру саласындағы жобалары Narxoz University және Haileybury мектептерімен байланысты. Сонымен қатар Narxoz Business School бағытына қолдау көрсетіледі.
«Верный Капитал» бұған дейін тау-кен өнеркәсібі мен франчайзинг салаларындағы жобаларға да қатысқан. Олардың қатарында Burger King Kazakhstan бизнесін дамытуға қатысу және кейінгі сату мәмілесі бар.