Отбасы банкінің активі 2025 жылдың тоғыз айында 14% өсіп, 4,878 трлн теңгеге жетті. Ал қаржы ұйымының биылғы қаңтар–қыркүйек аралығындағы таза пайдасы 9,4% төмендеп, 86,051 млрд теңгені құрады. Бұл мәліметтер аудиттелмеген, аралық қысқартылған қаржылық есепте көрсетілген.
Осы кезеңде банк активтерінің 75,9%-ын құрайтын клиенттерге берілген несиелер мен аванстар көлемі 9,5% өсіп, 3,701 трлн теңгеге жеткен.
Отбасы банкінің міндеттемелері 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 15,4% көбейіп, 4,121 трлн теңгені құрады. Клиенттер қаражатының көлемі 11,6% өсіп, 2,978 трлн теңгеге дейін жетті.
2025 жылдың тоғыз айында мемлекеттік субсидиялар көлемі 257,689 млрд теңгені құрады. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 264,044 млрд теңге болған. Мемлекеттік субсидиялардың негізгі бөлігі — жалпы соманың 62%-ы — «2-10-20 концепциясы» («Бақытты отбасы») бағдарламасы аясында үкіметтен қарыз алу арқылы түскен.
Бұған қоса, мемлекеттік қаржыландыру мына бағыттар бойынша жүргізілген: «5-10-20 концепциясы» («Шаңырақ») бағдарламасы бойынша бас компаниядан бағалы қағаздар шығару арқылы — 36,3%; «2-10-20 концепциясы» («Бақытты отбасы») бағдарламасы бойынша жергілікті атқарушы органдардан қарыз алу арқылы — 1,7%.
2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында банктің капиталы 6,6% өсіп, 756,82 млрд теңгеге жетті.
Ұлттық банк деректеріне сәйкес, активтер көлемі бойынша Отбасы банк төртінші орында тұр. Банктың жалғыз акционері — «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі.