Орынбор газ өңдеу зауыты (ГӨЗ) украиналық дрондар шабуылынан кейін Қарашығанақ кен орнынан келетін қазақстандық шикі газды қабылдауды қайта бастады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

«Орынбор ГӨЗ-де қазақстандық газ қабылдау басталды. Біртіндеп қалпына келтіреміз, бәрі дұрыс сияқты. Қарашығанақтағы өндіруді де қалпына келтіреміз, өйткені газ қабылдау басталды», – деді ол журналистерге.

Айта кетсек, 19 қазанда Орынбор газ өңдеу зауытында ұшқышсыз әуе аппараты шабуылы салдарынан апатты жағдай болып, зауыт Қарашығанақ кен орнынан шикізат газ қабылдауды уақытша тоқтатқан еді.

Бұған дейін Қарашығанақтан Орынборға газ құбыры тартылатынын хабарлаған едік. Ресей мен Қазақстан арасында жаңа магистральды газ құбырын салу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құбыр Ресейден Қазақстан аумағына дейін тартылып, елдің солтүстік және орталық аймақтарының энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталады. 

Сонымен қатар Қазақстанның бірінші вице-премьері Роман Скляр Ресейдің «Газпром» компаниясының төрағасы Алексей Миллермен жаңа келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2025 және 2026 жылдары Ресейден Қазақстанға жеткізілетін газ көлемі ұлғаяды.