2025 жылғы I жартыжылдықтың соңындағы жағдай бойынша, Еуразия аймағындағы өзара жинақталған тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі 48,4 млрд долларға жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6,4% (+2,9 млрд доллар) көп.

Еуразия аймағындағы өзара жинақталған ТШИ-дың үздіксіз өсуі жаһандық инвестициялық белсенділіктің төмендеу аясында өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықтың күшеюін көрсетеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, әлемдік ТШИ ағыны (делдалдық операцияларды қоспағанда) 2023 жылмен салыстырғанда 11% төмендеді, инвестициялық белсенділіктің құлдырауы қатарынан екінші жыл жалғасып отыр.

Сонымен қатар 2021 жылдан бастап өзара ТШИ-дың орташа жылдық өсім қарқыны 2016–2020 жылдардағы алдыңғы бесжылдықтағы 4,8%-бен салыстырғанда 2,8%-ға дейін баяулады.

2025 жылдың ортасына қарай аймақ инвестицияларының құрылымында алғаш рет бастапқы салымдар (greenfield-жобалар) басым бола бастады — олардың үлесі 40% өсті, ал «сатып алу және кеңейту» (brownfield) жобаларының үлесі 39%-ға дейін төмендеді.

Аймаққа жеке компаниялар қызыға бастады

Өзара ТШИ-да жеке компаниялардың рөлі артып келеді. Олардың үлесі 2016 жылғы 63%-дан 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 72%-ға дейін өсті. Мемлекеттік қатысуы бар компаниялардың үлесі осы кезеңде 31%-дан 23%-ға дейін қысқарды.

Компаниялардың меншікті қаржысы ТШИ-дың негізгі көзі болып қалуда (2025 жылдың I жартыжылдығы қорытындысы бойынша 42%), бірақ олардың үлесі 2016 жылғы 47%-дан төмендеді. Сонымен қатар аралас қаржыландыру үлесі (меншікті және қарыз қаражаты) 34%-дан 40%-ға дейін, ал қарыз ресурстарының үлесі 1%-дан 4%-ға дейін өсті. Бұл инвестор компаниялардың сыртқы капиталды көбірек пайдалана бастағанын көрсетеді.

Ресейдің үлесі бәсеңдеп барады

2025 жылдың I жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Еуразия аймағындағы бес елдің сыртқа бағытталған ТШИ көлемі 1 млрд доллардан асты: Ресей — 38 млрд доллар, Қазақстан мен Әзербайжан — 3,2 млрд доллардан, Армения — 1,4 млрд доллар және Беларусь — 1,0 млрд доллар.

Ресей — 78,6% үлесімен Еуразиядағы ең ірі инвестор, бірақ 2020 жылдан бері алғаш рет оның үлесі 80%-дан төмен түсті. Себебі — Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің инвестиция өсім қарқыны артты. Соңғы жарты жылда Ресейдің сыртқа бағытталған ТШИ өсімі 2,2% болса, аймақтағы орташа көрсеткіш 6,2% болды.

Ең жоғары өсім қарқыны Грузия мен Өзбекстанда тіркелді: олардың инвестиция көлемі жарты жылда тиісінше 3,8 есе (0,96 млрд долларға дейін) және 2 есе (0,4 млрд долларға дейін) өсті. Бұл елдердің инвестиция географиясы негізінен субаймақтық: Грузия үшін — Оңтүстік Кавказ, Өзбекстан үшін — Орталық Азия.

Бес ел 1 млрд доллардан артық тартты

Тартылған жинақталған инвестициялар құрылымы анағұрлым теңгерімді: аймақтағы тоғыз ел 1 млрд доллардан астам инвестиция жинай алды. Ең жоғары үлестер Өзбекстанда (22,3%), Қазақстанда (19,5%), Әзербайжанда (11,2%), Беларусьта (10,4%) және Арменияда (10,2%).

Соңғы жарты жылда тартылған инвестицияның жалпы өсімі 2,8 млрд доллар болды. Бұл өсім негізінен Арменияның (+26%, немесе +1 млрд доллар) және Қазақстанның (+11%, немесе +0,95 млрд доллар) есебінен қамтамасыз етілді.

Қазақстан Өзбекстан экономикасына қаржы салып жатыр

Орталық Азиядағы ішкі аймақтық өзара жинақталған инвестициялар тұрақты өсуді жалғастыруда. 2021 жылдан бастап олардың қарқыны айтарлықтай жеделдеп, жылына орташа 24,4% болды, бұл Еуразия аймағының көрсеткішінен (2,8%) әлдеқайда жоғары.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, Орталық Азия елдері арасындағы өзара жинақталған инвестиция алғаш рет 1 млрд доллардан асып, 1,15 млрд долларға жетті, ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына қарай тағы 12,5% өсіп, 1,3 млрд долларға жетті.

Мұндай өсімге елеулі түрде Қазақстанның құрылыс компанияларының Өзбекстандағы жобаларға салған инвестициясы ықпал етті. Соңғы жартыт жылдағы ішкі аймақтық өсімнің 60%-дан астамы (шамамен 240 млн доллар) осы жобаларға тиесілі.

Аймақтың екі негізгі инвесторы — Қазақстан мен Өзбекстан — тиісінше 72% (928 млн доллар) және 28% (367 млн доллар) инвестиция көлемін қамтамасыз етті.

Орта Азия елдерінен тартылған инвестиция құрылымында Өзбекстан көш бастап тұр — Орталық Азиядағы өзара ТШИ-дың 53% (680 млн доллар) осы елге тиесілі. Одан кейін Қырғызстан (34%) және Қазақстан (11%) орналасқан. Орталық Азиядағы ТШИ-дың негізгі бағыты — Қазақстан бизнесінің Өзбекстанда жүзеге асырып жатқан жобалары.

Құрылыс секторы 440 млн доллар ТШИ тартты, ал өңдеу секторы — 340 млн доллар. Осы екі сектор Орталық Азия ішіндегі барлық инвестициялардың шамамен 60%-ын құрайды. Бұл құрылым аймақтың өндірістік және инфрақұрылымдық базасын дамытуға басымдық беріліп отырғанын көрсетеді.