Ақмола облысы әкімдігінде «Оқжетпес» футбол клубының қызметіне қатысты жұмыс кеңесі өтті. Ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдері кәсіби спортты дамытуға бизнестің жүйелі қатысу моделін қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Қорытынды бойынша «Оқжетпес» ФК қоғамдық қорын құру жөнінде шешім қабылданды. Қордың құрылтайшысы «Агрофирма «Родина» ЖШС директоры Иван Сауэр болады. Ол өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен бірлесіп, ақмолалық футболға жүйелі қолдау көрсетеді.

Осылайша, «Оқжетпес» ФК өңірлік бизнестің қатысуымен жаңа басқару моделіне көшеді, ал облыста кәсіби спортты бюджеттен тыс қаржыландырудың жүйелі тетігі қалыптасады.

Айта кетейік, бұған дейін жекеге өтсе де футбол клубтары әлі бюджеттен ақша алып отырғанын жазған едік.

Бұған дейін Шымкенттің Ордабасы футбол клубы жеке меншікке өткен. Клубтың жаңа иесі – Integra Construction KZ компаниясының иесі, қазақстандық ірі кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп. Компания бүгінде елдегі ең ірі компаниялар тізімінде 12-орында тұр.

Атырау футбол клубы жеке меншікке өткен. Батыс өңірдегі ірі логистикалық Ақ-Руно компаниясының иесі Әлімбек Мұқанов клубты сатып алу бойынша құжатты рәсімдеуді бастап кеткен. 

Оған дейін Қарағандының Шахтер футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды. 

Сондай-ақ Елімай футбол клубы ірі акционердің пайда болғанын хабарлады. Абай облысындағы клубтың инвесторы — Qazaq-Astyq Group компаниясының май экстракциялайтын зауыты болды.

Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев Ақтөбе футбол клубының инвесторы болғаны хабарланған еді. 

Сонымен қатар Петропавлдың Қызыл-Жар футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған еді. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады. 

Қайсар футбол клубы да жеке басқаруға берілді. Клуб TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың жеке басқаруына берілді.

Сонымен қатар Астана футбол клубына да инвестор табылғаны хабарланды, бірақ туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов инвесторлардың бар екенін, алайда рәсімдер толық аяқталғанға дейін олардың атын атай алмайтынын айтты.