Пандемиядан кейінгі жылдары онлайн білім беру нарығы үлкен өзгеріске ұшырады. Осыдан 5-6 жыл бұрын білім беру ұйымдары мәжбүрлі түрде онлайн форматқа көшсе, офлайн оқуға қайта оралған соң, жаппай цифрлық оқыту модельдерінің тиімділігіне күмән күшейді. Яғни, EdTech нарығы тоқырау кезеңіне өтті. Бұл туралы Алматыда өткен Freedom Talk пікірталас клубының отырысында Bilim Media Group негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, пандемия кезіндегі өсім тұрақты модель қалыптастыра алмады. Бұған қоса, ата-аналар, оқушылар мен оқытушылар тарапынан онлайн форматтан шаршағанын көруге болады. Соның салдарынан EdTech компаниялары өз өнімдерінің нақты пайдасы мен тиімділігін қайта дәлелдеуге мәжбүр.

Дегенмен, аталмыш цифрлық шешімдер дамушы елдер үшін қосымша құрал емес, жүйелік проблемаларды азайтудың маңызды тетігі болып қала бермек. Әсіресе инфрақұрылым тапшылығы айқын байқалатын үш ауысымды мектептер мәселесінде, сонымен қатар,  қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығы жағдайында технологиялар білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етпек. 

«Қазақстандағы 8 мыңға жуық мектепте 4 миллион оқушы білім алып жатыр. 11 мыңға жуық балабақшада шамамен 1 миллион бала бар. Елдегі 8 жүзге жуық колледжде тағы 1 миллион студент оқиды. Ал жоғары білім беру жүйесінде 120-дан астам университетте 700 мыңға жуық студент бар. Осы аудиторияның барлығы қандай да бір деңгейде EdTech жүйелерін пайдаланып отыр», – деді Bilim Group негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы.

Сондай-ақ ол білім беру саласында 60-тан астам мемлекеттік қызмет бар екенін, балабақшаға кезекке қоюдан бастап педагогтарды тіркеуге дейінгі барлық үдерістер толық цифрландыруды қажет ететінін айтты.

Алайда ауқымды аудиторияға қарамастан, нарықтың экономикалық көлемі шектеулі күйінде қалып отыр. Рауан Кенжеханұлының бағалауынша, Қазақстандағы орта білімге арналған онлайн білім беру нарығының жылдық көлемі шамамен 20 миллион доллардан асады және оның негізі сервистерге жазылу есебінен қалыптасады. Осы шектеулі ресурс жағдайында сала экстенсивті өсімнен бас тартып, дербестендіру, деректерді талдау және жасанды интеллектке негізделген нүктелік шешімдерге бет бұрған.

Пікірталас барысында жасанды интеллект мүмкіндіктеріне қатысты байыпты көзқарас та айтылды. Freedom Holding Corp. компаниясының технологиялар жөніндегі бас директоры Ренат Туканов қазіргі ИИ жүйелерін адамды толық алмастыратын құрал ретінде қабылдауға болмайтынын атап өтті. 

«Қазіргі қолданыстағы жасанды интеллект жүйелері ауқымды әрі кешенді міндеттерді өз бетінше шешуге қауқарсыз. Қарапайым тілмен айтқанда, олар адам секілді ойлай алмайды да, сезіне де алмайды. Жасанды интеллектте өмірлік тәжірибе, эмоция, сондай-ақ физикалық әлемді толық түсіну қабілеті жоқ. Сол себепті білім беру саласын толық автоматтандыру туралы айтылып жүрген пікірлер көбіне шындықтан алшақ. Бұл саладағы негізгі жауапкершілік алдағы уақытта да адамға жүктеле береді деп есептеймін», –  деді Freedom Holding Corp. компаниясының технологиялар жөніндегі бас директоры Ренат Туканов.

Осы ұстаным аясында Қазақстанда білім беру жүйесіне арналған жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған ауқымды жоба қолға алынбақ. 2025 жылдың қарашасында Вашингтонда OpenAI, Freedom Holding Corp. және Қазақстан үкіметі арасында қол қойылған стратегиялық келісімге сәйкес, 165 мың педагог ChatGPT EDU платформасын пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Бұл қатарға балабақша тәрбиешілерінен бастап мектеп мұғалімдері, колледж оқытушылары мен жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы да кіреді. Жобаның негізгі мақсаты  жасанды интеллектіні мұғалімді алмастыратын тетік ретінде емес, оның жұмысын жеңілдететін әрі тиімділігін арттыратын жеке көмекші ретінде қолдану.

Осылайша, Қазақстанда іске асырылғалы отырған жоба жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің жаңа кезеңін айқындайды. Бастаманың қалай жүзеге асатыны және оның білім сапасына ықпалы алдағы жылдары белгілі болады.